Абай облысында жалын шарпыған аумақ 5000 гектарға жетті

Абай облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, дәл қазіргі сәтте Үржар, Абай, Жарма, Бесқарағай, Ақсуат аудандарында және Семей қаласында дала өрттері тіркеліп отыр.
«Оның ішінде ең ауқымды өрт Үржар ауданында болып жатыр. 6 қыркүйек күні Қарабұлақ ауылының маңайында шыққан қызыл жалын қазір 5000 гектарға жайылып кеткен. Жақын орналасқан елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Тілсіз жаумен күреске 324 адам мен 20 техника жұмылдырылған. Павлодар қаласынан көмекке қосымша күштер жолға шықты», - делінген ақпаратта.
Бұдан бөлек, Абай ауданындағы өрт те ауқымды. Бүгінде от шарпыған аумақ – 950 гектар.
Жалынды ауыздықтауға таулы жер мен қатты жел қиындық тудырып отыр.
Сол жерде 188 адам және 30 техника жұмыс істеп жатыр.