Абай облысында жыл басынан бергі құрылыс жұмыстарынан 142 заңбұзушылық анықталды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында жыл басынан бері құрылыс жұмыстарынан 142 заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында құрылыс жұмыстарының сапасы қатаң бақылауда. Биыл азаматтардан 241 өтініш келіп түскен. Соның аясында облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы жоспардан тыс 77 тексеру жүргізді.
«Тексерісу нәтижесінде құрылыс жұмыстары кезінде тапсырыс берушілер, мердігерлер, сәулет-техникалық қадағалау, жобалау ұйымдары арасынан жасалған заңбұзушылықтар анықталды. Мәселен, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, сараптау және бекітудің белгіленген тәртібі бұзылып, кейбір құрылыстар техникалық және сәулеттік органдардың қадағалауынсыз жүргізілген. Ескі құрылыс материалдарын қолданғандар да болды», - делінген ақпаратта.
Тексерулер аясында ӘҚБтК-нің әртүрлі баптары бойынша 142 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 49,2 млн теңге айыппұл салынды. Сотқа барлығы 47 әкімшілік іс жолданған.