Абай облысындағы Еңлік-Кебек кесенесі жаңғыртылды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына орай Еңлік-Кебек кесенесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысындағы Еңлік-Кебек кесенесі жаңғыртылды

Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің мерейтойы туған жері Абай ауданында кең көлемде аталып өтілуде.

«Үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар Семей-Бөрілі-Қарауыл бағытында кезең-кезеңімен өтуде. Мерейтой Мұхтар Әуезовтің әке-шешесі Омархан мен Нұржамалдың кесенесіне барып құран бағыштаудан басталды. Артынша кемеңгер жазушының туған жері Бөріліде бес жасар түйені құрбандыққа шалып, Әуезов рухына тағзым жасалды», - делінген ақпаратта.

Жазушының 125 жылдығын атап өту жөніндегі республикалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылған.

«Абай ауданында іскер азаматтар мен жергілікті халықтың қолдауымен Кеңгірбай биге ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ жаңартылған Еңлік-Кебек кесенесінің салтанатты ашылуы болды. Әуезовтің мерейтойы туған жерінде үш күн бойы тойланбақ. Шара барысында, қазақша күрес, аламан бәйге, жорға жарыс, футбол, гала концерт өткізу көзделуде», - делінген хабарламада.