Абай облысының әкімдігі екі көне ғимаратқа қатысты түсінік берді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Абай облысының әкімдігі өңірлік өлкетану мұражайының көне ғимараттан көшірілуіне, сондай-ақ ағайынды Мусиндер диірмені тарихи нысанының одан әрі пайдаланылуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысының әкімдігі екі көне ғимаратқа қатысты түсінік берді

«Жақында облыстық өлкетану мұражайы көшірілетіні туралы ақпарат тарады.

Бүгінгі таңда мұражайдың орнын ауыстыру немесе оны көшіру мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Мәдениет мекемесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Ал ағайынды Мусиндер диірмені тарихи ғимаратына келетін болсақ, оның сақталуын қамтамасыз етуге арналған талқылау барысында ғимаратты одан әрі пайдаланудың, соның ішінде оны қандай да бір мәдени немесе қоғамдық нысан ретінде қолдануға қатысты көптеген нұсқа қаралды.

8 қарашада облыс әкімі ғимарат иелерімен кездесті.

Онда тараптар меншік иелері өз қаражаты есебінен ғимараттың сақталуын қамтамасыз етеді деген уағдаластыққа келді. Алдағы уақытта тарих ескерткішті одан әрі қолдану жөнінде шешім қабылданады», - делінген Абай облысы қоғамдық даму басқармасының Тelegram-арнасында жарияланған мәліметте.


Ашық көздерден алынған фото