Абай облысының әкімі Үкімет отырысында өртке қатысты жағдайды баяндады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Семей орманы өртін сөндіру 2 бағытта жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысының әкімі Үкімет отырысында өртке қатысты жағдайды баяндады
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Бүгінгі таңда өрттің жалпы ауданы шамамен 60 мың гектарды құрады. Оның 43 мың гектары белсенді термонүктелер, елді мекендерге қаупі жоқ. Қазіргі таңда өрт сөндіру жұмыстары екі бағытта жалғасуда. Батыста өрт тоқтату үшін 300-ден астам жеке құрам, 30-дан астам бірлік техника, екінші бағытта 200-ден астам жеке құрам және 40-тан астам техника жұмыс жасап жатыр.

Жалпы өртті жоюға 1 532, 321 бірлік техника және 14 тікұшақ жұмылдырылды», - деді әкім.

Облыс басшысының айтуынша, техниканы отынмен қамтамасыз ету үшін әкімдік 20 тонна жанар-жағармай жіберді. Тағы 50 тонна отын жіберуге мүмкіндік бар, дайын тұр. Сонымен қатар бірнеше елді мекеннің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.

«Көшіру орындарында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Тұрғындар Семей қаласы мен Бородулиха ауылының эвакуациялық пунктеріне орналастырылды. Өрт сөндіруге жұмылдырылған және эвакуацияланған азаматтар үшін азық-түлік жеткілікті», - деді Нұрлан Ұранхаев.