Абай облысының халқы өрт маңындағы ауылдарға гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр
Абай облысының Бесқарағай ауданы тұрғындары Бородулиха секілді «Семей орманы» резерватына көрші тұрады, ал кейбір ауылдар қарағай орманның ішінде орналасқан.
Сол себепті ауыл тұрғындары апат ортасында қалған адамдардың қандай күйде екенін жақсы түсінеді.
Күндіз 12-де қызыл жалынға оранған аймаққа Бесқарағай ауылынан 10 тонна жүк артқан көлік жолға шықты.
Оған Бесқарағай ауданындағы 25 ауылдың бәрі үлестерін қосқан.
«Бейжай қараған ешкім болмады. Адамдар азық-түлік қабылдауға арнайы жасалған орынға май, макарон өнімдері, ұн, қант, сусындар, сабын мен майлықтарды әкелді. Мұның бәрі қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналып, тілсіз жаумен күресіп жатқан адамдарға қажет. Біздің ауыл да қарағайлы орманда орналасқан, сол себепті Бородулиха ауданының тұрғындарына апат тезірек басылса деп тілейміз. Орман жанында тұратын болсаң барлық жағдайға дайын болуың керек. Сол себепті біз үнемі алдын алу шараларын жүргізіп тұрамыз. Адамдардан қатты қажет болмаса орманға бармауды, ортақ игілігімізді сақтауды өтінеміз», - деп пікір білдірді Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов.
Көмекке мекемелер, жеке адамдар мен коммерциялық емес сектор да үлесін қосты. Семейде ондаған көмек көрсету орындары ұйымдастырылды.
«Ассамблея Жастары» өңірлік қоғамдық ұйым өкілдері Абай облысы Достық үйімен бірлесіп өрт сөндіру үшін жұмылдырылған қызметкерлерге су және басқа да көмекті жеткізді.
Керек-жарақты жинауға облыстық Достық үйі қызметкерлері, этномәдени бірлестік белсенділері мен қарапайым адамдар қатысты.
«Біз екі рейс жіберіп, бірінші кезекте қажет болатын заттарды жеткізуге тырыстық. Екінші рейспен бес литрлік 60 ыдыс су, сулы майлықтар, бір реттік ыдыс жібердік. Көмек шынында қажет және олар алғыс айтып қабылдап жатыр», - деді облыстық Достық үйі өкілдері.
Тұрғындар мен өрт сөндіруге жұмылдырылған қызметтердің сөзінше, қазір ең қажет заттар – ауыз су, сулы сүлгілер, бір реттік ыдыс, темекі, күрек, қорғаныш заттары.
Семейдегі сауда орталықтары аумағының бірінде өртпен күресіп жатқандарға көмектесем дегендерге «ГАЗель» автокөлігінің бортында мобильді қойма ұйымдастырылды.
Ары қарай бұл өнімдерді үлкен арнайы автокөліктерге тиеп, өртпен белсенді күресіп жатқан «Бородулиха-Жерновка» және «Өзеркі-Талица» бағытында жібереді.
Барлық гуманитарлық көмекті далалық асхана деп аталатын дислокация орындарына немесе екі жедел штабқа жеткізеді.
Бородулиха ауданы әкімшілігі өрт сөндіру орындарына қазір азық-түлік жіберу қалай болып жатқанын айтып берді.
«Алғашқы тәжірибе бізде мұндай жағдайларда қалай әрекет ету керегін және қалай жылдам істеуге болатынын үйретті. Дайындау, қорап пен пакеттерге орналастыру ретке келтірілген. Осында өрт сөндірушілерге ыстық тамақ әзірлейміз. Барлық ауданнан, Семейден келген волонтерлер көмектесіп жатыр. Су, азық-түлік тоқтаусыз келіп жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай бәрі жеткілікті. Бұған дейінгі өрттен кейін тіпті азық-түліктің бір бөлігі артылып қалған болатын», деп далалық асхана жұмысына пікір білдірді Бородулиха ауданы ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Медет Жайдарбеков.
Кейінгі деректер бойынша, өрт 60 мың гектардан астам орманды шарпыған.
Абай облысы басшылығының ақпараты бойынша, қазір болып жатқан өрт өңірде болған ең ауқымдысы екен.
Қызыл жалын Батпаев, Каштак және Успенский орманын шарпыған.