Абай облысының құтқарушылары биыл 138 адамды аман алып қалды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының құтқарушылары жыл басынан бері 138 адамды аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысының құтқарушылары биыл 138 адамды аман алып қалды

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 қараша күні ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков Абай облысына келіп, халықпен кездесті. Өңірдің су тасқынына қауіпсіздігі, орман өрттерінен қорғалуы, азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік қамсыздандырылу жағдайын жақсарту туралы сөз қозғалды.

Жыл басынан бері ТЖД бөлімшелері 2 800-ден астам рет түрлі жағдайларға аттанды. Соның нәтижесінде 138 адам құтқарылып, қауіп орнынан эвакуацияланды.

«Облыстағы табиғи өрттерге қатысты ахуал ерекше назар аударуды қажет етеді. Бүгінгі таңдағы негізгі міндетіміз - елді мекендер мен маңызы бар объектілерді маусымдық қауіп-қатерлерден қорғау бойынша тиімді шараларды іске асыру. Алда қыс мезгілі келе жатыр. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына және халыққа көмек көрсету жағдайында жедел ден қоюға назар аударған жөн, - деді Марат Күлдіков.

Кездесуден кейін вице-министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.