Абай облысының ормандарында биыл 13 өрт болды
Абай облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша дала өртінің алдын алу мақсатында 99 адамнан тұратын 15 мобильді топ құрылған.
«Олар барлығы 133 рейд жүргізді. Соның нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 33 адам жауапқа тартылды. Оларға ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабы жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды», - дейді департамент бастығы Манарбек Шапағатов.
2023 жылдың өрт қаупі жоғары кезеңі басталғалы бері облыста 13 орман өрті тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есеге аз.
«Ірі орман өрті Бородулиха ауданының аумағында болды. Соның салдарынан шамамен 3500 гектар орман алқабы жойылды. Өрт 22 мамырда Ресей Федерациясында шыққан. Өртті жою үшін 900-ден астам адам, 200 техника, оның ішінде 10 тікұшақ және 1 өрт сөндіру пойызы тартылған», - дейді М. Шапағатов.