«Абай орыс қоғамына ой салды» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мәскеуде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер мемлекет басшыларының бейресми саммиті болып өтті. Онда ТМД аясындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары талқыланды. Мұндай ұстаным ТМД-ға қатысушы елдер мемлекет басшыларының бейресми кездесуі кезінде айқын аңғарылды. Бұдан бұрын хабарлағандай, сейсенбі күні кешке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кремльде ҰҚШҰ сессиясы аяқталған соң Ресей Федерациясының жаңадан сайланған Президенті Владимир Путинмен кездесіп, келіссөз жүргізді. Барлық мәселеде біртекті ұстанымы бар мемлекет басшыларының кездесуі толық түсіністік және достық ахуалында өткенін атап көрсету керек. «Мен екіжақты қарым-қатынастың қандай деңгейде екенін айтудың өзін артық санаймын. Сіз - посткеңестік кезеңдегі интеграциялық үдерістердің көшбасшысысыз. Соның ішінде ЕурАзЭҚ пен Кеден одағының және болашақ Еуразиялық одақтың бір авторысыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Премьер-Министрі осында болған бір жиынға Кеден одағын құрудың қажеттілігі айтылған Сіздің жолдауыңызды әкелген еді. Біз дәл сол жолды қалап, бүгінгі күні оның іске асқанына қуаныштымыз. Мен Сізді көргеніме шын жүректен қуанышты екенімді айта аламын. Болашақта да біз осындай түсіністікпен еңбек етерміз деген үміттемін», - деді Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин кездесу кезінде. Мақала басылымның бүгінгі санында «Достастық әлеуеті әлі де жоғары» деген тақырыппен берілді.
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Бала асырап алуға байқап баратын болды» атты мақала жариялап, үлкен мәселе көтерді. Басылымның жазуынша, жетім балалар, олардың арасында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тірі жетімдер де бар, арнайы мекемелерде тәрбиеленуде. Қазіргі олардың саны 37 мыңға жуықтайды. Бұл балаларды өз азаматтарымыз бен шетелдіктердің асырап алуы қоғамдағы ең бір күйіп тұрған мәселе десек, жуырда елордадағы «Пекин Палас» қонақүйінде өткен дөңгелек үстел тура осы жағдайға арналды. Білім және ғылым министрлігі мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырған осы басқосуға елдегі басқа да министрліктер мен Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Астана және Алматы қалаларының ювеналды соттары, сәбилер үйлерінің басшылары қатысты. «Жетім көрсең жебей жүр» дейтін азаматтарымыз жетім балаларды негізінен жақсы ниетпен асырап алады. Бірақ оларды асырап алуда құжаттық әурешіліктер мен әлеуметтік кедергілер әлі де көп. Бүгінде жетім балаларды негізінен орта дәулетті отбасылар асырап алады екен. Ал ауқатты отбасылардың ол балаларды асырап алу фактісі бес пайызды ғана құрайды.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Абай орыс қоғамына ой салды» атты мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, Абай Мәскеуде танымдылық жағынан барлық рекордқа жетті. Оның кітаптарын букинистерден табу - ерекше сәттілік. Интернетте оның шығармаларын көшіріп алу бойынша бизнес бой көтеруде. Ресейлік «Альпина нон-фикшн» баспасы Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағын жарыққа шығармақшы. Сарапшылар бұл құбылыстың сан қырлы екедігін пайымдайды.
Осы басылым бетінде жарияланған «Құнды қағаздан құр қалмаңыз» атты мақалада Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған халықтық IPO бағдарламасын жүзеге асырып, оны бұқара халықтың кең қолдауына ие қылу үшін ақпараттық жұмысқа басымдық беру керектігі айтылған. Себебі, қарапайым халық IPO бағдарламасын толық түсініп болған жоқ. «Республикалық һәм аймақтық БАҚ бағдарламаны күн құрғатпай насихаттап жатса да, «Бұл не деген батпан құйрық?» деген сауалға бас қатырып жүрген жандар баршылық»,-делінген басылымда
***
Ресей өзінде қазақстандық әскери мамандарды оқытқаны үшін Қазақстаннан ешқандай қаражат талап етпейтін болады. Ал Қазақстан оның есесіне еліміздің бірқатар сынақ полигондарын, жауынгерлік алаңдарды теріскейдегі көршіге тегін беріп, олардан да пайдаланғаны үшін еш ақы алмайды. Кеше Мәжіліс екі ел арасындағы осындай «есеп айырысудың» ерекше түрін қамтитын келісімді мақұлдады. Бұл жайында толық білгіңіз келсе «Алаш айнасы» басылымындағы «Әскери саладағы «есеп айырысудың» ерекше түрі» атты мақаланы оқыңыз.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, кеше Астанада алғаш рет заңгерлердің республикалық съезі өтті. Ойдағы-қырдағы заңгерлердің басын қосқан съездің басты нәтижесі «Қазақстан заңгерлер одағын» құру туралы ұсыныстың қабылданғаны болды. Одақтың төрағасы болып Парламент Мәжілісінің депутаты Рахмет Мұқашев сайланды. Дауыс беру арқылы ұйымның жарғысы қабылданды. Бұл жайлы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Қазақстан заңгерлерінің одағы құрылды» атты мақаладан білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кеннет Фэйрфаксті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ-тың екіжақты қатынастарын одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасылды. Жүздесу барысында Сенат спикері Қ.Мәми Қазақстан мен АҚШ-ты өзара іс-қимылдың ауқымды салаларын қамтитын стратегиялық әріптестік байланыстыратынын атап өтті. Бұл ретте Төраға жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс елдер арасындағы өзара сауда қарқынына әсер етпегеніне де тоқталды. Екі елдің қарым-қатынасы бойынша болған кездесуі «Казахстанская правда» басылымында «Свидетельство толерантности» атты тақырыппен басылды.