Абай поэзиясына деген ғашықтығым қазір бұрынғыдан артпаса, еш кеміген жоқ - Марфуға Айтқожина
МАТЫ. 10 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Мен ұлы Абайға табынушылардың бірімін». Оны Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Марфуға Айтқожина бүгін Абай поэзиясының күніне орай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Адамның ішкі үні болады. Ол сұлу болу керек. Халықтың жүрегіне көп нәрсе жете бермейді. Ойын нақ басып, айта алмай, жеткізе алмай жүрген нәрсесін сен поэзия тілімен жеткізіп беруің керек. Сонда ғана құның артық болып, халыққа қадірлі боласың. Абайды менің жақсы көретінім содан. Ақын поэзиясына деген ғашықтығым қазір бұрынғыдан артпаса, еш кеміген жоқ», - дейді Марфуға Ғалиқызы.
Оның айтуынша, Абай қайсы тақырыпты жырласа да жүректен қозғап жүрекке жеткізеді. «Ғашықтың тілі - тілсіз тіл» дейді. Бұл адамның ішкі толғанысын жүрегімен, сезімімен, көзімен, бүкіл болмысымен жеткізуі. Оны әлі күнге дейін ешкім дәл осылай жеткізе алған жоқ. Сондықтан да Абайдың ақындық мектебі мен шығармашылық әлемі әлі күнге дейін бүкіл жұртты өзіне тәнті етуде. Оның құпиясы мен сырын ашуға барлық адам іңкәр. Алайда ол уақыт өткен сайын бұрынғыдан да тереңдеп, түпсіз тұңғиыққа жетелеуде. Бұл елдің мұңын мұңдап, жырын жырлай алған адамның сөзі ешқашан тозбайтынын, қайта уақыт өткен сайын саф алтындай жарқырап, айналасына жарық сәулесін бұрынғыдан да көбірек шаша алатынының нақты айғағы.