«Абай салбурыны – 2026»: бүркіт, қаршыға және ителгі салғандар сынға түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында «Абай салбурыны – 2026» республикалық құсбегілер турнирі өтті.
Абай ауданының Көкбай ауылында ақын, Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының 165 жылдық мерейтойына арналған «Абай салбурыны – 2026» республикалық құсбегілер турнирі мәреге жетті. Екі күнге созылған ұлттық спорт додасына еліміздің 11 облысы мен 3 қаласынан 101 құсбегі қатысты.
13–14 қараша күндері ұйымдастырылған турнирде құсбегілер бүркіт, қаршыға және ителгі салудан өзара сынға түсті. Сонымен қатар 20-дан астам құмай тазының қатысуымен жарыстар ұйымдастырылды. Ұлттық спорт мерекесі аясында арқан тарту, садақ ату және тай көтеру сайыстары да өткізілді.
Былтыр Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған республикалық турнир биыл Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына орай жалғасын тапты. Дәстүрлі дода еліміздің әр өңірінен келген құсбегілердің басын қосып, саятшылық өнерді дәріптеуге арналды.
Турнир қорытындысы бойынша ителгі салудан Ақмола облысының өкілі Ерлан Кенжетаев жеңімпаз атанды. Екінші орынды Қарағанды облысынан келген Темірәлі Төлегенұлы иеленсе, үшінші орындарды Қарағанды облысының өкілі Ердаулет Төлеген мен Жамбыл облысының құсбегісі Бақдаулет Бабажан бөлісті.
Қаршыға салудан Жамбыл облысының өкілі Берікболсын Бабажан бірінші орынға ие болды. Түркістан облысынан келген Заки Махмұтхан екінші орын алса, Алматы облысының өкілі Сағыныш Баетбай мен Қарағанды облысының құсбегісі Серік Қарипов үшінші орындарды иеленді.
Бүркіт салудан Астана қаласының өкілі Ерасыл Серікбекұлы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Бауыржан Сембаев иеленді. Ал Қарағанды облысының өкілі Нұрғазы Қазыбек пен Алматы қаласынан келген Арман Қошқаров үшінші орындарды бөлісті.
Қазақы тазылар жарысында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласынан келген Еркебұлан Әділбеков жеңімпаз атанды. Екінші орынды Абай облысы Жарма ауданының өкілі Серік Слатов, үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданынан келген Мейір Жетпісов иеленді.
Ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарда да үздіктер анықталды. Садақ атудан Қарауыл ауылының тұрғыны Алмас Құрманов бірінші, Асқар Әбеуов екінші, Көкбай ауылының өкілі Абай Төлеубеков үшінші орын алды.
Арқан тартудан Көкбай ауылының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Қарауыл ауылының, үшінші орынды Құндызды ауылының командалары иеленді.
Құндызды ауылының тұрғыны Әлихан Әділов тай көтеру сайысының жеңімпазы атанды.
Бұған дейін ШҚО-дағы ауыл тұрғыны құсбегілік арқылы туризмді дәріптеп жүргенін жаздық.