Абай шығармаларының академиялық толық жинағы жарыққа шығады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Таяу арада Абай шығармаларының академиялық толық жинағы жарыққа шығады. Бұл туралы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Биыл институт өзінің 3 жылдық жобаларын аяқтайды. 12 монографияның ішінде қазақ әдебиетінің іргелі мәселелеріне, қазақ фольклорына, қазіргі қазақ әдебиетінің даму өрісіне қатысты жаңа еңбектер жарық көреді. Сонымен қоса біздің оқу ордасы Өнер институты аталғандықтан қазақ өнерінің әртүрлі салалары бойынша іргелі зерттеулер жарық көреді. Қазақ музыкасы, театры, киноөнері және бейнелеу өнерінің мәселелері жөнінде жаңа еңбектер оқырманға жол тартады», - деді Кенжехан Матыжанов Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиынында.

Институт басшысының айтуынша, 2019 жылы «Дала фольклоры» антологиясының бес томы шыққан. Одан бөлек, «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының бір томы, «Ежелгі дәуір әдебиеті» антологиясының бір томы заманға сай цифрлық-электронды форматта оң мың данамен кітапханаларға таратылған.

«Бұл - бұрын-соңды мұндай форматта жарық көрмеген жинақтар. Әсіресе мұның электронды және аудионұсқасы қазіргі оқырмандарды ерекше қызықтырып отыр. Сонымен қатар биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына тарту ретінде ақын шығармаларының академиялық толық жинағы жарық көреді. Қазір баспада тұр. Бүгін-ертең қолымызға тиеді деп есептеп отырмыз. Бұл – ширек ғасырдан кейін қайтадан жарық көріп отырған ең толық жинағы саналады. Ол - академиялық ғылыми жинақ», - деді ол.

Еске сала кетсек, осы отырыста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының барлық жәдігері мен құжатын цифрландыруды тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар