Абайдың мұрасын қазіргі жастарға олардың тілімен жеткізу маңызды — сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі жастарға Абайдың шығармаларын насихаттау кезінде оның айтқан сөзін ғана емес, айтпағын да түсіндіру маңызды. Бұл туралы «Сенімен болашақ» РҚБ ағартушылық бағытының жетекшісі Ақерке Жақыпбай Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
Оның айтуынша, қазіргі жастардың басым бөлігі цифрлық дәуірде өсіп келе жатқандықтан, ақпаратты қабылдау тәсілі де өзгерген.
— Қазір жастарды миллениалдар, зумерлер, альфалар деп бөліп жүрміз. Бүгінде мінберге шығып жатқан альфа ұрпақ. Олар 2010 жылдан кейін туған және толығымен цифрлық дәуірде қалыптасқан. Кез келген дүниені «клиптік ойлау жүйесі» арқылы қабылдайды. Сондықтан ұзақ әрі терең мәтіндерді түсіну оларға қиындау болуы мүмкін, — деді Ақерке Жақыпбай.
Оның сөзінше, қазіргі жастар көбіне күнделікті өмірде көріп жүрген тұлғаларды мойындауға бейім.
— Мысалы, XIX ғасырда өмір сүрген Абай оларға таңсық болуы мүмкін. Себебі олар Абайды көзбен көрген жоқ, тек кітаптан таныды. Сондықтан Абайдың мұрасын қазіргі жастарға олардың қабылдау ерекшелігіне сай жеткізу маңызды, — деді ол.
Ақерке Жақыпбай қазіргі жастар арасында зейіннің төмендеуі мен уақытты тиімді пайдалана алмау мәселесі өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, Абай шығармаларындағы «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» ұғымдары бұл мәселелерді шешуге бағыт-бағдар бере алады.
— Абай айтқан бес асыл іс бүгінгі жастар үшін де маңызды құндылық. Талап ол алдына мақсат қою. Ал мақсатқа жету үшін еңбек қажет, яғни құр қарап отырмай, әрекет ету керек, — деді ол.
Сондай-ақ ағартушы қазіргі қоғамда білім мен ғылымның маңызы артып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі жастар үшін аса өзекті. Қазіргі заман бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. XXI ғасырда біліммен жарысатын дәуірге келдік. Сондықтан «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін барлық жастарға оқуға шақырар едім. Бірақ тек жаттап қана қоймай, Абайдың айтқанын емес, айтпағын да түсіну қажет.
Сонымен қатар маман Абайдың шығармасындағы «Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тіркеске де назар аударды. Біз жаттап өскен нұсқада «Ғылымға көңіл берсеңіз» деп айтылады. Мұндағы «беру» мен «бөлу» сөздерінің мағынасы екі түрлі. «Көңіл бөлу» уақытыңның бір бөлігін ғылымға арнау. Ал «көңіл беру» бар болмысыңмен ғылымға ден қою. Абайдың айтпағы да осы деді.
Сонымен қатар Ақерке Жақыпбай Абайдың эмоционалдық интеллект мәселесіне қатысты ойлары қазіргі қоғам үшін де маңызды екенін атап өтті.
— Абайдың достық туралы жазғандары, 18 және 34-қара сөздері, сондай-ақ 17-қара сөздегі ақыл, қайрат, жүректің айтысы жанашыр болуды, өзгенің қамын ойлауды насихаттайды. Бұл қазіргі психологтар айтып жүрген эмоционалдық интеллект ұғымымен үндеседі, — деді ол.
Оның айтуынша, жанашырлық тек жеке адамға емес, қоғамға, мемлекетке және ұлтқа деген жауапкершіліктен де көрінеді. Достық ұғымы қазіргі жастарға жетіспей жатқан жанашырлықпен байланысты. Өзгеге, мемлекетке, ұлтқа қамқор болу барлығы бір жүректен шығатын қасиет.
Сөз соңында ол Абай айтқан жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат толық адамның үш тұғыры. Адам қанша білімді, қанша күшті болса да, егер оның жылы жүрегі болмаса, білімі мен қабілеті деструктивті бағытқа жұмсалуы мүмкін. «Толық адам» дегеніміз нұрлы ақылмен, ыстық қайратпен және жылы жүрекпен әрекет ететін тұлға деп түйіндеді.
Бұған дейін 150 жас суретші Абай мұрасын қылқаламмен дәріптегенін жазғанбыз.