Абайдың тұңғыш жыр кітабы
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан тұңғыш өлеңдер жинағының бүгінде елімізде небәрі 5 данасы ғана сақталған. Кітап араб қарпінде, 1000 данамен жарық көрген.
Ақаңның әліпбиіне дейінгі жазумен хатқа түсірілген жинақ кезінде Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның қолдауымен 1000 данамен басылып шыққан. Елімізде бұл кітаптың 4 данасы ғана сақ¬таулы тұр. Хакімнің Керекуде табылған кітабын Ертіс ауданы орталығында тұратын ардагер ұстаз Нұрболат Әутәліпов сақтап келіпті. Жасы 70-тен асқан ел ағасы жәдігер атасынан қалған дүние болар деп шамалайды.
Павлодар педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміреновтен құнды жәдігерді оқып беруді сұрадық.
— Бұл — Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Санкт-Петербургте Ілияс Бораганский баспаханасынан басылып шыққан тұңғыш өлеңдері мен аудармалары. Жинақта Кәкітай жазған Абай өмірбаяны басылған. Бұл — ақын жайындағы алғашқы ғұмырнамалық мағлұмат. Музей қызметкерлері нағыз қазынаның үстінен түскен екен, — деп тебіренді ғалым.
Әділбек аға оқып бергендей, мұқабада: «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғылының өлеңі. Бастырған Кәкітай, Туғраул Құнан¬бай ұғланлары. С. Петербург. «Восточная электро — печатня И.Бораганского», 1909 ж» деп жазылған.
— Ілияс мырза Бораганский — қырым татары, 1852 жылы Бақшасарайда ауқатты отбасында дүниеге келген. Стамбұлда оқып, хұсни хат (араб көркем жазуы) ілімін меңгерген, Петербург университетінің шығыс факультетінде түркі тілдерінен дәріс оқыған, хұсни хаттан сабақ берген, 1893 жылы Петербургте араб әрпімен басылатын тұңғыш мұсылман баспаханасын ашады. 1905 жылы осы баспаханадан Шоқан Уәлихановтың ел ішінен жинап алған «Едіге» жырын кітап етіп бастырса, 1909 жылы Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағын шығарады. Ілияс Бораганский жайында белгілі абайтанушы Қайым Мұқамедханов көп жылдар ізденіп жүріп «Семей таңы» газетінің 1971 жылғы 21 мамырдағы санында «Қадірлі есім, аяулы еңбек» (Абай мұрасын тұңғыш кітап етіп шығарушы И.Бораганский жайында) атты мақала жазды. Мақалада баспагер туралы біраз мағлұмат бар. Абайдың Санк-Петербургте өлеңдерінің басылуына Әлихан Бөкейхан мұрындық болғаны туралы деректер келтірілген. Кәкітай Ысқақұлының естеліктері, Абай мұрасының жиналуы жайында, ақын өлеңдерін хаттап, қолжазба күйінде бүгінгі күнге жеткізген Мүрсейіт Бікеұлына қатысты мағлұмат алуға болады, — дейді ол.
Бұдан бөлек, Ә.Әміренов Абай өлеңдерінің тұңғыш басылымының жазу стилі араб қадым жазуымен берілгенін атап өтті. Жуан оқылатын сөздерде араб тілінің эмфатикалық жуан дауыссыз дыбыстар таңбасымен (ص, ض, ط, ظ) таңбаланауы, сөздің анлаут басындағы е, и, ы, і (әлиф+ йай), о, ө, ұ (әлиф+уау) дыбыстары¬ның, «ң» дыбысының (н+к) қос таңбамен жазылуы, «п» дыбысын «б» әрпімен, таңбалануы, қазақ тіліне араб-парсы тілінен енген кірме сөздердің сол тілдердің фонетикалық заңдылығымен жазылуы (харакаттардың болуы) сақталып қалған. Қазіргі қолданыстағы біріккен сөздердің бөлек жазылуы (қалам қас), тыныс белгілерінің қойыл-мауы, қатаң дауыссыздан кейін көптік жалғауының дар, дер, ілік септіктің -дың, -дің ұяңнан басталатын нұсқасының ғана жалғануы және тағы басқалары — қадым жазуының стилі.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайранбаеның айтуынша, Абай Құнанбайұлының 1909 жылы ескі қадым жазуымен ба¬сыл¬ған бұл көне кітабының таралымы небәрі 1000 дана болған екен. Алғашқы кітап аса бір қиындықпен шыққаны мәлім. Оған Алаш қай¬раткері Әлихан Бөкейхан қолдау жасаған.
«Сол қазынаның қазіргі күні Қазақстан бойынша 4 данасы ғана сақтаулы екенін білемін. Оның үшеуі бізде, біреуі Астанадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында тұр. Біздегі екі кітаптың күйі нашар. Ал Керекуде табылған бесінші кітаптың күйі жақсы көрінеді. Бұл алғашқы кітап — баға жетпес құндылық. Кезінде қадым және төте жазумен жазылған көне кітаптар мен қолжазбаларды кеңес өкіметі алғаш орнаған жылдары большевиктер өртеп жіберген. Ал мына санаулы кітаптың бір ғасырдан астам сақталып, біздің заманымызға жетіп отырғаны ғажап дүние», — деп бағалады М.Қайранбаева.
Атап өтерлігі, Абайдың өз қолымен жазған қолжазбаларынан тек ұлы Мағауияға жазған хаты (1896 жылы жазылған) ғана сақталып қалған. Ал «Қазақтың шығу тарихынан бірер сөз» атты қолжазбаның шын мәнінде ақынға тиесілі екендігі дәлелденбеген.
Мейрамгүл Қайранбаеваның айтуына қарағанда, ақынның одан кейінгі кітаптары 1922 жылы (Ташкент пен Қазанда басылған) және 1933 жылдары басылады. Алғашқысын Ілияс Жансүгіров жинастырған. 1933 жылы шыққан кітабын Мұхтар Әуезов толық жинақ етіп бастырған. 1945 жылы тағы үлкен жинағы шығып, ол 1948 жылы тұп-тура қайта шығарылады.
Ал Ербол Қайыров Халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың қолға алуымен хакімнің төте жазумен терілген кітабы 1957 жылы 10 мың данамен басылғанын баяндады. Ол кітаптың партиясы толықтай Қытайдағы қандастарымызға жөнелтілген.
Еске сала кетейік, Бүгін — Абай күні.