Абайды әлемге насихаттаудың жаңа форматына көшуге тиіспіз - Д. Мыңбай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде хәкім Абайдың (Ибраһим Құнанбаев) туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы» атты ғылыми конференция өтті.

Абайды әлемге насихаттаудың жаңа форматына көшуге тиіспіз - Д. Мыңбай

«Биылғы 2015 жыл мерейлі мерекелер, тарихи тұлғалардың мерейтойлар жылы болып отыр. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Ш. Уәлихановтың туғанына 180 жыл, Абайдың туғанына 170 жыл, ҚХА мен Конституциямызға 20 жыл толып отыр. Соның ішінде кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының мұрасына арналған бүгінгі конференцияны осы көп тойлардың беташары десек те болады», - деді жиынды ашқан Дархан Мыңбай. «Жаңа дәуір - Абайды ұрпақ пен әлемге танытудың жаңа тәсілдерін де талап етеді. Бір кездері мәдени ықпалдастықтың жолы көркем аударма ғана болса, қазір оның әртүрлі тарам-тарам тәсілдері бар. Мәселен, соңғы жылдары Абай шығармалары поляк, итальян, түрік және тағы басқа да тілдерге аударылды. Енді ұлы ақын туралы танымдық деректі фильмдерді әлем жұртшылығына жеткізуіміз керек. Бұрын да, қазір де данышпан Абайды әлемге танытқан М. Әуезовтың «Абай жолы» екені белгілі. Енді осы дүниені қоса алғанда Абай туралы драмалық туындыларды, шығармаларды бүгінгі технологияны пайдалана отырып, насихаттау маңызды», - деді Д. Мыңбай. Шараға белгілі абайтанушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және Астана қаласындағы білім мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Конференция барысында Абайдың алғашқы шыққан еңбектері, шет тілдерге аударылған туындылары мен ақын жайлы арнайы дайындалған аудио-бейне роликтер және Ұлттық музей қорындағы Абай портреттерінен шағын көрме ұсынылды.