Абайдың ілімін жас ұрпаққа сіңіру қажет - Мекемтас Мырзахметов
АЛМАТЫ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Абай қазақ халқының рухани қазығы, адастырмас жолы. Ал Абайды тану көп жағдайда жан-жақты білімдарлықты қажет етеді.
Бұл жайында бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мекемтас Мырзахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М.Мырзахметовтың айтуынша, Абайдың қалыптасуында рухани үш бұлағы болған. «Біз осы үш бұлақтың екеуін қуалап кеттік те, біреуін саясат жауып тастады. Абайдың шығысқа қатынасы мүлде зерттелмей қалды. Абайды зерттеуге келген адам, оның жолымен жүру керек. Абайдың жолы - адамдықтың жолы. Сондай-ақ оған үлкен даярлық керек, соған байланысты біраз ғалымдарды дайындадық», дейді профессор.
«Біз батыс та, шығыс та емес, түркі елінің азаматы, яғни қазақ болып қала береміз. Сол қалыпта жүрсек қана өзімізді, салтымызды сақтаймыз. Соны сақтауға бірінші тірек болатын Абайдың ілімі. Біз Абайдың «Толық адам» ілімінің есігін аштық, ал оның қабаттарында не жатқанын әлі аша алғанымыз жоқ. Ендігі зерттеуді соған қарай бұрып, Абайдың ілімін жас ұрпаққа сіңіру қажет», дейді Мекемтас Мырзахметов.