Абайдың ұлылығын танытуға мемлекет ұйтқы болуы керек - Қазақстанның мәдениет қайраткері Аманхан Әлім
АЛМАТЫ. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Абайды ұлықтау әлі мемлекеттік дәрежеде жүріп жатқан жоқ. Абай саясаты, Абай мәдениеті, Абай діншілдігі туған күнін атап өтумен шектелмеу керек.
Оны Қазақстанның мәдениет қайраткері және М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Аманхан Әлім кеше Алматыда өткен "Абай оқуларында" айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Біз Абай оқуларын жылда өткізіп жатырмыз. Бірақ ол әлі күнге дейін ниеттен аса алмай жүр. Елді жинап, өлең оқытып, сонымен іс бітті деп санаймыз. Біз тек қана туған күні кезінде, болмаса мерейтойы келгенде атап өтеміз. Абай саясаты, Абай мәдениеті, Абай діншілдігі бір туған күнін атап өтумен шектелмеу керек. Абайды ұлықтау Еуропадағы ілгері кеткен мемлекеттердің дәрежесінде өткізілуі қажет. Олар өз ақын-жазушылары мен музыканттарын ұлықтауды ұлттық дәрежеге көтеріп жіберген. Абайдың өз тілімен айтқанда бізге де ұқсап баққанға не жетсін", дейді Аманхан Әлім. Оның пайымдауынша, Абайды күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге айналдыруға ең алдымен мемлекет ұйтқы болуы керек. Бұл үшін мемлекеттік бағдарлама жасалу қажет. Сонда ғана Абай өз биігіне көтеріліп, оның сөздері әр қазақтың жүрегінің төрінен орын тебетін болады.