Абайдың ұрпағы мемлекет қамқорлығына зәру ме?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл қазақтың кемеңгері Абайдың бесінші ұрпағы баспанасыз жүргенін алға тартты.

Абайдың ұрпағы мемлекет қамқорлығына зәру ме?

Сауал барысында депутат қазақ халқының ұлы ақыны, адамзат ауқымындағы кемеңгер Абай Құнанбаевтың әулеті коммунистік қатыгез режимнің аяусыз қуғын-сүргініне ұшырағанын айтып, ақын балалары мен бауырлары атылғанын, түрмелерде көз жұмып, жер аударылғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, қанды қырғыннан аман қалғандары Ұлы Отан соғысында оққа ұшты. «Майданға аттанған он адамнан есен-сау оралғаны - Абайдың Мағауиядан тарайтын шөбере қызы соғысқа өзі сұранып кеткен. Белгілі қаламгер Медеу Сәрсекеннің деректері бойынша, ақын ұрпағынан бүгін арамызда жүрген жалғыз тұяқ - Абайдың Ділдәдан туған ұлы Ақылбайдың баласы. Ақылбайдан Рәмінқұл, одан Бағыпұр, сол Бағұпырдың баласы Ақылбаев Айдар мен оның жалғыз ұлы Данияр Алматы қаласында тұрып жатыр. Данияр Ақылбаев -Абайдың бесінші ұрпағы», - дейді депутат.

Данияр Ақылбаев Ленинградтағы Гидрометеорология инстиутының «Мұхиттану» факультетін бітірсе де, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, Маңғыстаудағы мұнай компаниясының бірінде еңбек етеді екен. Қазір Алматыда тұрып жатқан көрінеді.

«Абайдың ақын ұлы, «Еңлік-Кебек», «Абылай» поэмаларын жазған Мағауияның немересі - Қазел Жағыпарқызы дүниеден озарында беріп кеткен екі бөлмелі ескі үйде үш баламен тұрып жатыр. Абайдың Ақылбайдан тарайтын төртінші ұрпағы Даниярдың әкесі А.Ақылбаев та Алматыда, бірақ әлі күнге дейін баспанасы жоқ», - деді А. Смайыл.

«Осы тұста ойланасың, ұлы ақынның қазақ халқына рухани тұғыр болып келе жатқан, бола да беретін данышпанның бүгінгі тұяқтары мемлекеттің қамқорлығына бөленуге тиіс емес пе? Мұны ел азаматтары бізден бұрын да ойлаған. Қазақ кеңестік социалистік республикасы Халық комиссарлар кеңесінің 1945 жылғы 15 тамыздағы қаулысы Абай есімін мәңгілік есте қалдыруға арналады. 95 және 100 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту ұйғарылады. Ақынның сол кездегі көзі тірі ұрпақтары - Ақылбайұлы Исмаилға, Қазел Жағыпароваға, Уәсила Жақыповаға, Ақлия Оразбаеваға, Кәмила Оспановаға, Бибі Ысқақоваға 500 рубль көлемінде дербес зейнетақы тағайындалады. Сұрапыл соғыстан соңғы қиын жылдарда да қазақ абзалдары мен ел басқарған естілері ақын ұрпағына құрмет көрсете алған. Біз де тектілік деңгейінен табылайық, Айдар Ақылбаевқа баспана беріп, кемеңгердің батасына кенейлік. Абай әулетін жалғастыратын жалғыз үміт Данияр Ақылбаевтың жай-күйімен танысып, көмек қолымызды созайық», - деді депутат.