Абайтанушы Қайым Мұқамедханұлының туғанына - 100 жыл (ФОТО)

Қайым Мұқамедханұлы 1916 жылы 5 қаңтарда Семейде туған.
1943 жылы 27 жасында ақындар арасында ұйымдастырылған байқауда жеңімпаз атанып, Қазақ КСР Әнұраны мәтінінің авторы атанды. Әнұранның музыкасын жас композитор Мұқан Төлебаев жазды.
1940 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды.
Қайым Мұқамедханұлы түпнұсқа иесінің ойын тереңнен танитын шебер аудармашы. Оның ұзақ жылдар бойы ғылыми, әдеби шығармашылық және ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, «КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі», «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» белгілерімен құрмет грамоталарымен наградталған.
Қайымның әдебиет тарихына қосқан үлесі орасан зор. Соның ішіндегі жыраулар әдебиеті жөніндегі өмірбаяндық зерттеулер мен текстологиялық салыстырулары бұл саладағы көптеген көмескі жайлардың бетін ашып, тың деректер мен соны пікірлер түйіндеуге негіз қалады.
Қайым Мұқамедханұлының ғылыми-зерттеу еңбектерінің көбі әдеби-өлкетану бағытында болды. Қазақ әдебиетінде өлкелік әдебиет тарихының қолға алынып, зерттеле бастауына Мұхтар Әуезов ұйытқы болса, Қайым Мұқамедханұлы өзінің ғылыми шығармашылық жолында үнемі осы бағытты назарда ұстаған. Оның тарихи шындықты бұрмаламай, деректерді нақтылы дәлелдермен берген мақалаларының саны 400-ден астам. Ал, жалпы ғылыми еңбектерінің саны 500-ден асады.
1940-шы жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясына Абай мен Шәкәрімнің белгісіз өлеңдерін, сондай-ақ батырлар жыры, алашордашылар туралы тың материалдар өткізген.
Белгілі әуезовтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің «Қайсар ғалым» деген мақаласында: «Қайым Мұқамедханұлы - Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына түсініктеме жазған библиограф, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек жазған теоретик, сол замандағы қоғамдық қарым-қатынастарды зерттеген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұсқаларды, ел аузындағы өлең-жырды, әңгіме-аңызды қағазға түсірген фольклорист», - деп баға берген.
Қайым Мұқамедханұлы сонымен қатар, Қазақ Кеңестік Энциклопедиясының барлық 12 томына ғылыми түсініктемелер жазып, қате жерлерін түзеген.
Ол сондай-ақ, қазақ ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті, жыраулық әдебиет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы, әдеби байланыстары туралы 300-ден астам ғылыми мақалалар жазған. Ол драматургия саласында да қарымды еңбек етіп, көптеген пьесалар жазды. Қайымның «Толқын» (1994ж.), «Майданнан майданға» (1947ж.), «Комиссар Ғаббасов» (1960ж.), «Ер Білісай» (1974ж.) пьесалары көркемдік және тарихи шындықты тұтастай алып, оқиға желісінің өткір құрылуымен ерекшеленеді.
2010 жылы Семейде Қайым Мұқамедханұлына ескерткіш орнатылды. Өзінің тұрған үйіне де ескерткіш тақта орнатылған.
Қайым Мұқамедханұлы 2004 жылы 88 жасында Семей қаласында дүние салды.