Әбдел Зият: Қауіпті инфекцияларды ерте анықтау үшін отандық диагностикалық жүйелер қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Медицина қызметкерлері күніне орай денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін марапаттады. Олардың арасында Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Әбдел Зият Жұмаділұлы да бар. Ол «Құрмет» орденімен марапатталды.

ы
Фото: Kazinform

Ғалым аса қауіпті инфекциялар саласында 1987 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, бүгінде өзі қызмет атқаратын ұлттық ғылыми орталық үш негізгі бағытта жұмыс істейді. 

– Біздің орталықта ғылыми бағытпен қатар осы салаға қажетті мамандарды дайындау жұмысы жүргізіледі. Дәрігерлерді, зертханашыларды оқытып, олардың біліктілігін арттыруға көңіл бөлеміз. Сонымен бірге инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар мен диагностикалық препараттарды әзірлеу, өндіріске енгізу бағытында жұмыс істеп келеміз, - деді медицина ғылымдарының кандидаты.

Профессордың сөзінше, орталық мамандары Қазақстанның биологиялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын және оған қатысты бірқатар нормативтік актіні әзірлеуге атсалысқан.

– Биологиялық қауіпсіздік туралы заңды әзірлеу жұмыстарына біздің мамандарымыз да қатысты. Бұл бағыттағы жұмыстар елдің инфекциялық қауіптерге дайындығын арттыруға, ғылыми және зертханалық әлеуетті күшейтуге бағытталған. Бүгінгі марапатты осы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесі деп қабылдаймын, – дейді ғалым.

Ол қазіргі таңда орталық алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – отандық диагностикалық жүйелерді дамыту екенін атап өтті.

– Қазіргі таңда біз полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісіне негізделген нақты уақыт режиміндегі тест жүйелерін әзірлеп, оларды отандық өндіріске енгізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – аса маңызды бағыт. Себебі қауіпті инфекцияларды ерте анықтау, уақытылы шара қабылдау үшін сапалы диагностикалық құралдар қажет. Шетелдік жүйелерді сатып алу қымбатқа түседі, сондықтан өзіміздің отандық өнімді шығару – стратегиялық міндеттердің бірі, – деді ол.

Ғалымның айтуынша, ұлттық ғылыми орталықтың маңызы Қазақстанмен ғана шектелмейді. Мекеме Орталық Азиядағы аса қауіпті инфекциялар бағыты бойынша жетекші ұйымдардың бірі ретінде халықаралық сараптамалық жұмыстарға қатысады.

– Біздің мекеме Орталық Азия өңіріндегі биологиялық қауіпсіздік бағытында жауапты мекемелердің бірі саналады. Аймақтағы қай мемлекетте болмасын инфекциялық аурулардың ошағы пайда болған жағдайда, біз сараптамалық және консультациялық көмек көрсетуге дайынбыз. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс, – деді профессор.

Сонымен қатар ғалым жас мамандарды даярлау саланың тұрақты дамуы үшін маңызды екенін айтты.

– Ғылымның болашағы – жас мамандарға байланысты. Сондықтан біз олардың кәсіби дамуына, ғылыми дәрежесін көтеруіне, магистратура мен докторантура бағытында білім алуына қолдау көрсетеміз. Білікті кадрлар дайындау – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі, – деп сөзін түйіндеді.

Айта кетейік, бүгін елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Медицина қызметкерлері күніне орай денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін марапаттады.