Әбдіғали Қаймолдинге Абай облысының әкімі Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін табыстады

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев соғыс ардагері Әбдіғали Қаймолдинге Президенттің атынан «Халық қаһарманы» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
Фото; t.me/abai_oblysynyn_akimdigi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы, жанқиярлығы, сондай-ақ соғыстан кейін мемлекеттік және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін Әбдіғали Қаймолдинге «Халық қаһарманы» атағын беріп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденімен марапаттағанын жазған едік.


«Сіз және сіздің замандастарыңыз елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып отырсыздар. Өзіңіздің өмір жолыңыз өскелең ұрпаққа және жастарға бағыт-бағдар береді. Біз сізді мақтан етеміз және сізге қарап бой түзейміз», - деді облыс әкімі.

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, Халық қаһарманына әскери оркестр құрмет көрсетіп, «Жеңіс күні» әніне сүйемелдеу жасады.

Салтанатты марапатаудан кейін Абдығали Қаймолдин өз батасын беріп, ел игілігі жолында адал қызметте сәттілік тіледі.

ҚАЙМОЛДИН ӘБДІҒАЛИ –соғыс және еңбек ардагері

1921 жылы 30 маусымда Семей облысы Абыралы ауданы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген.

1941 жылы әскер қатарына шақырылды. 1941-1945 жылдың 9 мамыры аралығында Сталинград, 1-Украина, 1-Беларусь, 3-Балтық майдандарында шайқасты. 1946 жылдың маусым айында әскер қатарынан босатылған.

Ардагер Әбдіғали Қаймолдин КОКП Семей облыстық комитетінде, Жаңасемей, Новопокровск аудандарының атқару комитетінде еңбек етті. 1977-1982 жылдары «Түрксіб» совхозы партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді және осы жерден құрметті демалысқа шықты.


Соңғы жаңалықтар