Әбдіров атындағы ҚР Әскери-әуе күштерінің авиабазасына 15 жыл толды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласындағы Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіров атындағы Әскери-әуе күштерінің 50185 әскери бөлімі өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтті.

Әбдіров атындағы ҚР Әскери-әуе күштерінің авиабазасына 15 жыл толды

Әскери бөлім командирі полковник Ермек Сапаров жеке құрамды осынау атаулы күнмен құттықтады. «2016 жыл - бөлім үшін мүшелтой болып саналады. Бұл уақыт маңызды күнделікті қызметпен, ұшулардың сапалы қамтамасыз етілуімен, авиациялық парктің жауынгерлік әзір жай-күйде ұсталуымен толы болды. Осы кезең ішінде бірнеше жүздеген офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер бөліміміздегі армиялық қызметтің күрделі әрі құрметті мектебінен өтті», - деп командир атап өтті.

Аталған бөлім «Шеп», «Сарыарқа», «Дала қыраны», «Жетісу», «Өзара іс-қимыл», «Бейбіт миссия» достастық мемлекеттердің бірлескен ірі ауқымды сынды әртүрлі ауқымдағы халықаралық және мемлекеттік іс-шараларға, сондай-ақ, Отан қорғаушы күнін мерекелеуге орай әскери парадтарға белсене атсалысатынын айта кетейік. Бүгінде бөлімде жоғары деңгейде дайындалған кадрлық офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, батыл әрі өжет ұшқыштар мен штурмандар, инженерлік-техникалық құрамдағы, байланыс және тылдың жоғары кәсіби мамандары және барлығында да ортақ ерекшелік - Қазақстанның халқына, конституциялық және әскери борышына адал болу.