Әбдіуақап Қара: Алаш арыстарын идеологиялық тұрғыда жіктемеуіміз керек
Профессор Шоқайдың еңбегі туралы «Еуропа елдеріндегі Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік үшін күресі және оның құралдары» атты баяндамасында айтып өтті.
«Мұстафа Шоқай - 1917 жылдың қазан айында іргетасы қаланған Кеңес одағына қарсы Қазақ елі мен Орталық Азия халықтарының тәуелсіздігі үшін күресіп өткен тұлға. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде Мұстафаны фашистермен ауыз жаласқан опасыз құбыжық ретінде көрсетуге тырысты. Құдайға шүкір, тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай пікірден арылып келеміз. Десе де, бұл пікірдің әлі де әсері мен ықпалы жоқ емес. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл зиялы қауым мен халықты дүр сілкіндірді. Тарихты қайда жаңғыртуға тиіспіз», - дейді профессор.
Әбдіуақап Қара қазақ халқының және Орталық Азия елдерінің күрестері бойынша Шоқайдың еңбегіне тоқталды.
«Шоқайдың мақалалары орыс, түрік, француз, ағылшын тілдерінде жарияланды. Француз тіліндегі мақалалардың басым көпшілігі Прометей журналына шықты. Шоқайдың орыс тіліндегі мақалалары сол кездің өзінде Кеңес одағының құрамындағы халықтарға әсер еткенін көреміз. Сондықтан, Сталин мұны байқап, 1925 жылы 29 мамыр күні ескерту жасайды. Сталиннің хатында Шоқайдың идеяларына шек қою тапсырмасы бар еді. Міне, осыдан кейін Шоқайға шабуыл басталды. Оған ергендерге «шоқайшыл» деген айдар тағылды», - дейді ол.
Профессордың айтуынша, кеңестік билік пен идеологияға қарсы Шоқаймен бірге өзге Алаш арыстары да тынымсыз күрес жүргізген.
«Алаш арыстарына қатысты «ананың қызметі зор, мынанікі аз» деп бөлшектемеуіміз керек. Отанға еңбек аз болсын, көп болсын - оның бәрі бізге қымбат болуы керек. Оларды (Алаш арыстары -авт) идеологиялық тұрғыда жіктемеуіміз керек. Анау оңшыл, мынау солшыл, анау ұлтшыл демеу керек. Басты өлшем - отанға адалдық, халыққа деген сүйіспеншілік. 1920-1941 жылдар аралығында 21 жылға жалғасқан Мұстафа Шоқайдың күресін зерттей келе, оның баспасөзге ерекше мән бергенін ерекше көреміз. Еуропалық көптеген басылымдарда көптеген мақалалары жарияланды. Шоқай осы және басқа да саяси жұмыстарында екі ұйымға сүйенді. Оның бірі - Түркістан ұлттық одағы, екіншісі - Прометей одағы. Мені көргендер «Мұстафа Шоқайды неге көп айтасыз? Туыссыз ба?» деп сұрайды. Бірақ, мен халыққа қызмет етсе, соның барлығы біздің туысымыз деп жауап беремін», -дейді профессор.