Абель Санчес: «Бір-екі аптадан кейін Головкин Джонсон немесе Сондерспен жұдырықтасуға дайындықты бастайды»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес BoxingScene.com-ға берген сұхбатында GGG-мен айқаста ауқымды гонорар алғысы келген Билли Джо Сондерстің тілегіне түсінікпен қарайтынын жеткізді, сондай-ақ келешек жоспарларымен бөлісті, деп хабарлады Sports.kz.

Абель Санчес: «Бір-екі аптадан кейін Головкин Джонсон немесе Сондерспен жұдырықтасуға дайындықты бастайды»

- Өздеріңіз білесіздер, өкінішке қарай, бұл бизнес барлығы тек ақша үшін жасалатын дәрежеге жетті, ал үздіктерге қарсы айқас өткізіп, өзін сынап көруге ешкімнің құлқы байқалмайды. Сондерс пен Уорреннің де көзқарасын түсінемін. Бүгінде бізде міндетті үміткер бар, біз Туреано Джонсонмен айқас өткізуді жөн санаймыз. Оның IBF атағына таласуға құқығы бар. Әрине, Сондерспен айқасқа шықсақ та, міндетті қорғауды көзір етіп, оны қандай да бір мерзімге ұзартар едік. Кім болса да, қарсылас анықталса, біз залға барып, дайындық жүргізуге әзірміз.

Біз кездесу уақытын 23 сәуір деп белгіледік. Бір-екі аптадан кейін Головкин лагерьге келіп, Туреано немесе Билли Джоға қарсы айқасқа дайындыққа кіріседі. Олар екеуі де мықты боксшылар, бұл Головкиннің кезекті жұлдызды сәті болмақ.