Абхазияда кезектен тыс президент сайлауы 19 ақпанға дейін өтуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Абхазияда мерзімінен бұрын президент сайлауы 2025 жылдың 19 ақпанына дейін — 15 немесе 16 ақпанда өтуі мүмкін, деп жазады ТАСС.

— Сайлау президент Аслан Бжания отставкаға кеткен және парламент оны 19 қарашада қабылдаған күннен бастап үш ай ішінде өтуі керек. Бұл конституция бойынша сайлау үш ай ішінде, яғни 19 ақпанға дейін өтуі керек дегенді білдіреді. Абхазияда сайлау әрқашан демалыс күндері өтетіндіктен, бұл жолы сенбі, 15 ақпан немесе жексенбі, 16 ақпан болуы мүмкін, — деп хабарлады елдің Орталық сайлау комиссиясы.
Сонымен бірге ол сайлау күнін парламент белгілеуі керектігін қадап айтты.
— Парламенттің кезектен тыс сайлау күнін белгілейтін отырысының күні әлі анықталған жоқ, — деді ел парламентінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Абхазия парламенті Аслан Бжанияның отставкасын қабылдағанын жазған болатынбыз.