Әбиба Әбужақынова олимпиадалық рейтингіде алғашқы үштікке енді

Әбиба Әбужақынова
Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Дзюдодан Қазақстан әйелдер командасының үздігі Әбиба Әбужақынова олимпиадалық және әлемдік рейтингідегі жағдайын жақсартты. 

Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, 48 келі салмақта сынға түсетін Әбиба олимпиадалық рейтингіде 4 576 ұпаймен үшінші орынға көтерілген.

Бірінші орынға 5 945 ұпай жинаған Ассунта Скутто (Италия), екінші орынға 5 200 ұпаймен Нацуми Цунода жайғасқан. 

Әлемдік рейтингіде отандасымыз 5 184 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады. 

Айта кетелік, Әбиба Әбужақынова биыл өзі қатысқан ресми турнирлердің бәрінде үздік үштікке енді. 

Португалияда өткен Гран-при турнирінде, Баку мен Антальядағы Grand Slam турнирінде қола жүлдегер атанса, Ташкенттегі Grand Slam-да күміске қол жеткізді. 

Әбиба – дзюдодан қазақ қыздары арасында әлем чемпионаты мен Grand Slam турнирлерінен жүлде алған алғашқы спортшы. Сондай-ақ оның Азия чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанғанын айта кетейік. 

Спортшының бапкері – Нұрбол Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар