Әбиба Әбужақынова соңғы лицензиялық жарыстан неге шеттетілгенін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының үздік спортшысы Әбиба Әбужақынова Астанада 10-12 мамыр күндері өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысынан не себепті шеттетілгенін айтып берді.

«Өз елімізде, елордамызда өтетін, жергілікті жанкүйерлер алдында Олимпиада ойындарына соңғы лицензия беретін маңызды додадан шет қалып жатқаным әрине, қиын. Бірақ, жанкүйерлерім алаңдамаса екен деймін. Мен ең бастысы Париж олимпиадасының жолдамасына қол жеткізіп тұрмын. Олимпиада ойындарына әлемдік рейтингіде алғашқы 17 орында тұрған спортшылар баруға мүмкіндік алады. Ал мен өз салмағымда 3 орында келе жатырмын. Осыған байланысты Ұлттық құраманың бас бапкері мен жеке жаттықтырушым ақылдаса келе соңғы лицензиялық турнирден босатты. Есесіне, жақында өтетін әлем біріншілігіне қатысатын болып жатырымын», - деді Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Әбужақынова.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада 10-12 мамыр күндері өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысына қатысатын Қазақстан құрамасының татами шеберлері белгілі болған еді.
Алайда, әйелдер құрамасынан Әбиба Әбужақынованың есімін көре алмаған едік. Бұл салмақта Астанада Ғалия Тынбаева, Диана Буркеева, Алира Шегелекова және Жібек Жақсыбай сынға түседі.
Айта кетейік, жарыс қожайыны ретінде Қазақстан ғана әр салмақта 4 дзюдошыдан қоса алады. Барлығы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының татамиінде 86 мемлекеттен келген 400-ден астам спортшы күш сынасады. Qazaqstan Barysy Олимпиада рейтингінде ұпай берілетін соңғы Үлкен Дулыға турнирі болмақ.