Әбиба Әбужақынова мен Мағжан Шамшадин Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Әбиба Әбужақынова мен Мағжан Шамшадин Грузия астанасы Тбилисиде өтіп жатқан дзюдодан Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жарыстың алғашқы күні Әбиба 48 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде испаниялық Лаура Мартинезбен белдесті.

Қазақстандық дзюдошы қарсыласын вазари әдісімен ұтып, үздік үштікке ілікті.

Әбиба Әбужақынова дода барысында барлығы 4 кездесу өткізді. Өз тобынан үздік шыққан ол жартылай финалда жарыс жеңімпазы, сербиялық Милиса Николичке жол берді.

Бұл – Әбибаның биылғы әлемдік турнирлердегі үшінші медалі. Осыған дейін Португалияда өткен Гран-приде алтын, Францияда Grand Slam жарысында қола жүлде жеңіп алған еді.

Тағы бір қазақстандық Мағжан Шамшадин 60 келіге дейінгі салмақта қола медальға ие болды. Ол жұбаныш финалында отандасы Қанат Сейілханды ұтты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Грузияда өтетін Grand Slam турниріне қатысатын Қазақстан дзюдо құрамасы анықталғанын жазған болатынбыз.

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы


Соңғы жаңалықтар