Әбіләзовтің Қазақстаннан басқа мемлекетке экстрадициялануы туралы айтуға ертерек - Бас прокуратура
АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Әбіләзовтің Қазақстаннан басқа мемлекетке экстрадициялануы туралы айтуға ертерек.
Бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков осылай айтты.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, Әбіләзовті экстрадициялау үдерісі әдеттегі мерзімнен бірнеше уақытқа созылып кетуі мүмкін. «Жалпы айыпталушыны экстрадициялауда Қазақстанға емес, басқа мемлекетке беретіндігі туралы айтуға ертерек. Біз Әбіләзовтің дәл Қазақстанға берілуіне табанды күш жұмсамақпыз. Ең бастысы, Еуропалық конвенцияда экстрадициялау мәселелері реттеліп отыр. Атап айтсақ, қылмыстың ауырлығы, оның жасалу орны, тұлғаның азаматтығы қаперге алынатын болады. Осы ретте қылмыстың негізгі бөлігі мен ең ауыры Қазақстанда жасалғанын, ұрланған қаражаттың қазақстандық банктің активтерімен жүзеге асқанын еске салғым келеді. Бұдан бөлек, Әбіләзов мырза әлі күнге дейін Қазақстанның азаматы болып табылады. Сондықтан да, Қазақстан еуропалық конвенцияның қатысушысы болмаса да елімізге қайтару туралы өтініштің оң шешіміне үміттенеді», - деді ресми өкіл.
Естеріңізге сала кетейік, Франция сотының үкімімен 40 күнге қамауға алынған М. Әбіләзовті экстрадициялау туралы Қазақстан, Ресей, және Украина елдері өтініш жасаған.