Әбілғазы Құсайынов өндірісте қайғылы оқиғаларды азайтудың жолын көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат  - ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшысы қазіргі заңнамада көрсетілген мүмкіндіктерді барынша пайдалануға үндеп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әбілғазы Құсайынов өндірісте қайғылы оқиғаларды азайтудың жолын көрсетті

"Қазіргі кезде "Кәсіподақтар туралы" жаңа заңның аясында әрбір кәсіпорында өндірістік кеңестер құрылып жатыр. Аталған кеңестердің қауіпсіздік шараларына қатысты барлық шешімдері міндетті түрде орындалуы шарт. Осы орайда кәсіподақтардың республика бойынша 12 мыңдай өндірістік кеңесті құрғанын ерекше атап өткен жөн. Әрине, барлық мәселені бір күнде шешу мүмкін емес. Дегенмен, ендігі кезекте кәсіподақтар жұмыс берушіге өндірістік кеңестер арқылы әсер ете алады. Қауіпсіздік шаралары аясында теxникалық құрал-жабдықтарды жаңарту талабы да міндетті түрде орындалуы қажет", - деп атап көрсетті Құсайынов бүгін Астанадағы республикалық форум аясында.

Алайда федерация басшысы табиғаттың тылсым күшін де ескеру керектігін жеткізді. "Мысалы, жақында болған апат кезінде метан газы бір жерде жиналып қалды да, оқыс жарылыс болды. Бұл - табиғи нәрсе. Өкінішке қарай, адам оны үнемі бақылай алмайды. Осы іспетті жағдайлар қайғылы оқиғаларға себеп болып жатады", - деп атап көрсетті ұйым басшысы.

Айта кетейік, 31 тамызда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты шаxтада өндірістік апат болып, үш адам қайтыс болды. Төтенше жағдай кезінде жердің астында 136 адам болған. Қайтыс болғандардың дені - 31-36 жастағы жігіттер.

 Фото  https://azh.kz