Әбілқасымова: 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізіледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы кредиттік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру бөлігінде, сондай-ақ кредиттер бойынша шекті ставкаларды саралау және төмендету бойынша қосымша реттеу шараларын қабылдауды тапсырды. Микроқаржылық қызметті реттеу тұтынушылардың, әсіресе табысы төмен әрі банк кредитін ала алмайтын азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды. Осы жылғы 1 қаңтардан бастап кредиттік серіктестіктер, ломбардтар және онлайн-кредиттеу компанияларының қызметін агенттік реттейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл ломбардтардың меншікті капиталына қойылатын талаптар күшейтілді, басшыларына қойылатын біліктілік талаптары және үй-жайларына техникалық талаптар белгіленді», - деді ол.
Агенттің төрайымының айтуынша, барлық банктік емес ұйымдар есепке алынады. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 3,1 мың микрокредиттеу субъектісінің ішінен 227 микроқаржы ұйымы, 202 кредиттік серіктестік және 650 ломбард есептік тіркеуден өтті. Микрокредиттеудің қалған субъектілері жұмыс істемейді немесе олардың капиталы жоқ және олар қызметін тоқтатуды жоспарлап отыр.
«Азаматтарды қорғау және микроқаржыландыру нарығында алаяқ қатерін азайту үшін осы жылғы 3 шілдедегі заңға сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізіледі. Микроқаржылық ұйымдарды лицензиялауға өту капитал мен өтімділік бойынша пруденциялық стандарттардың толық тізбесін, басшы қызметкерлер мен акционерлердің іскерлік беделіне қойылатын біліктілік талаптарын белгілеуді, сондай-ақ аудитке және есептілікті ұсынуға қойылатын талаптарды көздейді», - деді Мәдина Әбілқасымова.
Сонымен қатар оның дерегінше, 30 наурыз бен 31 тамыз аралығында 1 348 банктік емес ұйымға тексеру жүргізілді. 144 ұйымға қатысты 162 млн теңгеге айыппұл салынып, 122 жазбаша ұйғарым шығарылды.
«Халықтың борыш жүктемесінің тәуекелдерін одан әрі төмендету үшін агенттік кредиттік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және кредиттер бойынша сыйақының шекті ставкаларын саралау бойынша шаралар қабылдайды», - деді агенттік басшысы.