Әбілқайыр Сқақов Екібастұздың негізгі проблемаларын атады
«Екібастұз – еліміздің ең ірі үш моноқаланың бірі. Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінің өсуіне қарамастан, қаланың отын-энергетика кешеніне тәуелді болуы әлі де жоғары. Екібастұз экономикасының 65%-ы және жұмыс істейтін халықтың жартысы осы салада шоғырланған», - деді Палодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Үкімет отырысында.
Аймақ басшысы моноқаланың негізгі проблемаларын да атады. Олар:
- экология;
- ескірген әлеуметтік инфрақұрылым;
- тозған инженерлік желілер;
- қаладанадамдардың көшуі.
«Аталған мәселелерді шешу үшін ауқымды сараптамалық және қоғамдық талқылаудың қорытындысы бойынша 114 іс-шарадан тұратын қаланы дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Іс-шараларды іске асыру 932,8 млрд. теңгеге бағаланады. Жеке инвестициялардың үлесі – 89,5%, яғни бюджеттік 1 теңгеге 9 теңге жеке инвестициялар тартылады», - деді Әбілқайыр Сқақов.