Әбілқайыр Сқақов Павлодарды қардан тазарту жұмысын сынға алды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Әбілқайыр Сқақов Павлодардағы көктемгі көркейту жұмыстарына дайындықты тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі қаланың қазылып, су басқан жол учаскелерін аралап, саябақтардан, аулалардан және жер үйлері маңын қардан тазалау барысын тексерді.
Әбілқайыр Сқақов алдымен қаланың орталық жағалауының ескі бөлігіне барды. Ол қар үйінділеріне назар аударып, жағалаудағы серуендеу аймағының бір деңгейінен екіншісіне өтуге арналған баспалдақтардың нашар тазаланғанын атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімі «Балалық шақ» саябағын (бұрынғы Ленпарк) күтіп ұстау жағдайын қанағаттанарлықсыз деп бағалады.
«Бұл шағын саябақтың өзінде екі жаяу жүргінші жолдың тек біреуі тазаланған», - деді ол.
Аймақ басшысы коммуникация мен жол қызметінің жұмысындағы кемшілікті сынға алды. Ол қала аумағындағы желі өткізілген жөндеу жұмысынан кейін жаяу жолаушылар үшін жағдай жасалмайтынын айтып, жуырда инженерлік коммуникациялар жөнделіп, су құбырлары тартылған Ә.Бөкейхан және академик Шокин көшелеріндегі жағдайды мысалға келтірді.
«Учаскедегі жұмыстар аяқталғаннан кейін жаяу жолаушылар жолы тиісті жағдайға неге келтірілмеген? Бұл тұрғындардың жиі пайдаланатын жолы, адамдар болса, басқа жол іздеп, осы тұсты айналып өтуге мәжбүр», - деп сұрады Ә.Сқақов, академик Шокин көшесіндегі 31-үйдің жанындағы жаяу жүргіншілер жолында тұрып.
Нуркин мен Теплов, Щедрин және Целинная көшелерінің қиылыстарында облыс әкіміне еріген судан тазалау жұмыстарының барысы жөнінде баяндама жасалды. Қалада 10 ассенизатор машина жұмыс істеп жатыр. Кейбір жағдайларда жолды құрғату үшін арнайы техника бірнеше рейс жасайды.

«Бұл көшелердегі қардың дер кезінде шығарылмағандықтың салдары. Жолдарды судан жылдам құрғату керек», - деді аймақ басшысы.
Қар тазалаудың әлсіз жүргізілгендігі туралы «Екінші Павлодар» тұрғындары да айтты. Ростовская көшесіндегі жеке үй иелерінің бірі осы аумақта қар жинау техникасын биыл бір-ақ рет көргенін айтты. Бұл жердегі қар үйінділері ерігеннен кейін ауланы су басуы ықтимал. Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі N40 үйдің ауласында да дәл осындай жағдай. Әбілқайыр Сқақов жекеменшік үй секторлары мен көп қабатты үйлердің аулаларынан қардан жылдам тазартып, бұл жұмыс жүргізілетіні жөнінде тұрғындарды алдын-ала ескертілуін тапсырды.
Әкім «Дачный» шағын ауданындағы Камзин көшесі бойындағы еріген судың әсерінен асфальтбетон жабыны ойылған жерге барды. Бұған дейін әлеуметтік желіде төтенше жағдай қаупі туралы шағымдар жарияланған.
«Бұл жер әлі күнге дейін неге қоршалмаған? Түнде бұл шұңқырға адам да, көлік те құлап кетуі мүмкін. Мұны тез арада қоршатыңыздар», - деді аймақ басшысы.
Гагарин саябағын аралаған әкім қала бақшаларының көпшілігінде абаттандыруға болатын бос алаңдар бар екенін еске салып, осы мәселені алдағы маусымда өткізілетін жұмыс барысында ескеруді тапсырды.
«Ағаштар тек қоғамдық бақтарда ғана емес, аулаларда, қала көшелерінің бойында да отырғызылуы керек. Саябақтар мәселесіне оралар болсақ, қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіңіз: біздің жасыл алқаптарда не жетіспейді, оларды қалайша жақсартса болады? Сауалнама нәтижелері сарапталғаннан кейін әр саябақты жақсартуды бөлек жоспарлауға болады», - деді әкім.
Көрген жағдайларды қорытындылай келе, Әбілқайыр Сқақов қала басшылығы мен коммуналдық қызметтердің алдында үлкен жұмыс тұрғанын айтты. Ол қыста болған авариялар салдарын жою барысында жөндеу жүргізілген жерлерді қалпына келтіріп, қала көшелерінің тесігін жамау жұмысының кестесін құруды тапсырды. Әкім атап өткендей, жолды қалпына келтіру жұмыстарын тиімді әрі жылдам өткізу үшін облыстағы барлық жөндеу қызметтері жұмылдырылуы керек.
