Әбілязов БТА банкі ақшасын Сейшель аралдарына қалай жылыстатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарының ісіне қатысты кезекті сот отырысында Сейшель аралдарында тіркелген оффшорлық компанияларға БТА банкінің ақшаларын жылыстату сызбасына қатысты бірнеше оқиға қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Зардап шегуші тарап өкілінің айтуынша, 2007 жылдың ақпанында «Beltor Limited» компаниясы (Сейшель аралдарында тіркелген) БТА банкіне бірнеше миллиондаған несие алу үшін өтінім берген. Мақсаты ретінде Алматы қаласы мен Алматы облыстарында жылжымайтын мүлікті сатып алу деп көрсеткен. Ал компанияның жарғылық капиталы небәрі 5 мың АҚШ доллары ғана болған. Бірақ кредиттік өтінімнің жалған екендігі көрініп тұрғандығына, кепілдік мүлкінің, компанияның құрылуы, оның төлем қабілеттілігі туралы мәліметтерінің болмауына қарамастан несие берілген. Бұл орайда БТА банкі басшылығының несие комитетіне жолданған тапсырмасы шешуші рөл ойнаған. Нәтижесінде біркүндік компания өтінімі қажетті сараптамасыз санаулы күндердің ішінде мақұлданған.
Мұндай жедел әрекет етуге Мұхтар Әбілязовтің аффилирленген оффшорлық компанияларға несие беруді жеке өзі бақылауында ұстауы себеп болған.
«Банкке «Beltor Limited» компаниясы директоры атынан 29 миллион доллар сомаға несие бөлу туралы өтінім жазылған. 2007 жылдың 22 ақпанында кредиттік комитет тарабынан заңсыз оң шешім қабылданып, оған сәйкес «Beltor Limited» компаниясына 29 млн. доллар сомасында несие беру мақұлданды. Аталған хаттамаға мәселені кредиттік комитет отырысына қарамастан басшылар Жарымбетов пен Солодченко қол қойған»,- деді БТА банкінің өкілі.
Араға екі ай уақыт салып «Beltor Limited» компаниясының директоры атынан 20 млн. доллар несие бөлу туралы екінші өтінім келіп түскен. Тез арада бұл өтінім де мақұлданған. Осылайша несие сомасы шамамен 50 млн. долларды құрады. Бұл займ кепілдік мүлікпен қамтамасыз етілмеген және қайтарылмаған. Банк тарабынан бөлінген қаржы алдымен Латвия банктерінің біріне аударылып, кейіннен Әбілязовтің қалтасына түскен.
Дәл осындай жолмен Rimos Limited, Winterra Holding, Toros Limited, Starwood Contract Limited, Netgold Serviсes Limited, Highbond Associates Limited сынды компанияларға несие бөлінген. Аталған компаниялардың барлығы да Сейшель аралдарында тіркелген.