Әбілязовтің Грузия «сапары»
Соттың бүгінгі отырысында Грузиядағы қонақжайлық кешеннің құрылысына және осы елдегі телекоммуникациялық компанияның үлесін сатып алуға деген желеумен еншілес компанияларды несиелеу туралы эпизод қарастырылды.
БТА банк пен Мұхтар Әбілязовтың бұған дейін жария болған қылмыстық кестесінің көмегімен 2007 жылы қаржы институты қызметкерлері «Medea Hotel Company B.V.» компаниясының атына құжаттар дайындайды. Тергеуден мәлім болғанындай, бұл әрекет арқылы БТА банктің ақшасын ұрлау ойластырылған. Сол жылы БТА банкте жолға қойылған қылмыстық кестемен «Medea Hotel Company B.V.» компаниясының атынан «Медея» қонақ үйінің құрылысына және айналымдағы қаражатты толықтыру үшін 42,5 миллион АҚШ доллары көлеміндегі несиелік желіні ашуға өтінім беріледі.
Әрине, өтінімді мақұлдауға келгенде ешқандай мәселе туындаған жоқ. Несие комитеті ешқандай сараптама жүргізген жоқ, қарыз алушыны, оның несие алу тарихын тексерген жоқ. Өйткені, банк қызметкерлері қарыз алушы компанияның іс жүзіндегі қожайыны кім екенін жақсы білетін еді. Сол себептен аз уақыттың ішінде оң шешім қабылданды. Көп ұзамай несие комитеті аталған компанияны несиелеу көлемін 42,5 миллион АҚШ долларынан 69 миллион АҚШ долларына дейін көбейту туралы шешім шығарды.
«Бұл жерде банктің қарыз алушы туралы шешімі болуы керек. Ол шешімде қарыз алушының бизнес жоспарында көрсетілген мақсаты мен міндеті, несие ақшаның мақсатты жұмсалатыны туралы мониторингі, несиенің тиімді жұмсалуы туралы талдау, несиенің қайтарылуының болжамы және тағы басқа мәселелер көрсетілуге міндетті болған. Алайда, ондай шешім шығарылмағаны анықталды»,- деп мәлімдеді сот отырысында БТА банктің өкілі Талғат Амантай.
Банктен берілген несие қайтарылмаған. Жалпы алғанда, Талғат Амантай жария еткен ақпарат бойынша, осы қылмыстық кесте арқылы БТА банктен 20 миллионнан астам АҚШ доллары ұрланады. Атап айтарлығы, Грузиядағы қонақ үй кешені салынбаған. Сайып келгенде, несиеге берілген ақшаның бәрін Мұхтар Әбілязов жымқырып, өзінің жеке қажеттіліктеріне пайдаланған.
Тура осыған ұқсас тәсілмен Әбілязов БТА банктен тағы 125 миллионнан астам АҚШ долларын жымқырыпты. Бұл жолы қарыз алушы ретінде «Black Sea Telekom B.V.» компаниясының атынан өтінім дайындалған. Айта кетелік, Мұхтар Әбілязовтің сыбайластары осы компанияны бақылауда ұстаған. Бұл жолы несиелеу мақсаты ретінде «Грузияның біріккен телекоммуникациялық компаниясының» жарғылық капиталының үлесін сатып алу деп көрсетілген. БТА банктің басшылығы төлем қабілеті төмен компанияның несие құжатын толығымен мақұлдайды. Атап айтарлығы, несиеге берілген ақша әлі күнге дейін банкке қайтарылмаған, ал грузиндік жобаларға жұмсалған ақша да ешқандай пайда әкелмеген.
Әбілязов бұл жобалармен де шектелмеген. Аз уақыттың ішінде тағы да бес жобаны қаржыландырады. Мәселен, «Geogia tourists B.V.» компаниясы жер телімдерін сатып алу үшін 3 миллион АҚШ долларын несиеге алады. Батуми қаласында «Месхети» қонақ үй-тұрғын үй кешенін салуға «Kolhida Invest B.V.» компаниясына тура 4 миллион АҚШ доллары берілген. Сондай-ақ, «Tbilisi Hotel Holding B.V.» компаниясына Грузияда жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатымен 56 миллион доллар несие берілген. Бұдан бөлек «Batumi Rivera B.V.» компаниясына жер учаскесін сатып алуға және нысандарды жартылай салуға 10 миллион АҚШ доллары көлемінде несие аударылады. Жалпы алғанда, грузиндік жобалардың нәтижесінде Әбілязов пен оның сыбайластары 300 миллион АҚШ долларын ұрлаған.