Әбіш Кекілбаев әдебиет есігін именбей ашып, бірден төріне шыққан тұлға - М. Жолдасбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әбіш Кекілбаев туған халқымен бірге жасай беретініне ешқандай күмәнданбаймыз. Бүгін Астанадағы «Көрме» кешенінде Әбіш Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу қаралы жиынында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков осылай мәлім етті.
«Біз бүгін халқымыздың заңғар жазушысын, еліміздің көрнекті мемлекет қайраткерін қазақтың Әбішін, Абызын соңғы сапарға шығарып салып тұрмыз. Әбіш Кекілбаев әдебиет есігін именбей ашып, бірден соның төріне шыққан, өнерде өзінің жолын тапқан, тарих болмысын, дархан даланың ұлылығын жарқыратып ашқан, сөйтіп қазақ әдебиетінің көсегесін көгерткен, көркем шежіре жасай білген эпик жазушы еді. Азаматтық тұлғасы, қайраткерлік келбеті, суреткерлік болмысы, гуманистік табиғаты, адами бітімі бөлек өз елінің сүйікті перзенті еді»,-деп еске алды М. Жолдасбеков.
Сонымен қатар ғалым өз сөзінде Әбіш Кекілбаев өз жерінде бақытын тапқан азамат, мақтауға және қолпаштауға лайықты азамат деп атап өтті.
«Әбіш ұшан-теңіз, білімпаз және дана еді. Алтын құрсақ аналар аман болса, әлі де талай Әбіштер келер дүниеге, бірақ олардың ешқайсысы Кекілбаев бола алмайды. Әбішті халқы лайықтап бағалады, Еңбек Ері атанды, алқалы жиындардың үнемі төрінде отырды. Артында бай мұра, аталы сөз, асыл өнеге қалды. Сондықтан оның туған халқымен бірге жасай беретініне ешқандай күмәнданбаймыз»,-деп тебіренді М. Жолдасбеков.