Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әбішті Ұлы билердің дәстүрін бойына берік сіңірген адам деп қарайтын едік - С. Қирабаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әбіш барша күш-жігерін Тәуелсіздікті түсіндіруге, орнықтыруға жұмсады. Бүгін Астанадағы «Көрме» кешенінде Әбіш Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу қаралы жиынында көрнекті ғалым, академик Серік Қирабаев осылай айтты.

Әбішті Ұлы билердің дәстүрін бойына берік сіңірген адам деп қарайтын едік - С. Қирабаев

«Әбіштің кім екенін қазақ халқы жақсы біледі. Өзінің алып талантымен, қоғамдық және мемлекеттік қызметімен Тәуелсіздік жылдарында Әбіш халқына адал қызмет етті. Барлық жазушылығын да, талантын да осы Тәуелсіздікті түсіндіруге, орнықтыруға жұмсады. Сонымен бірге ол сөзге шешен, тапқыр, алғыр, өте епті тұлға еді. Сондықтан оны Ұлы билердің дәстүрін бойына берік сіңірген адам деп қарайтын едік»,-деді академик.

Сонымен қатар С. Қирабаев өз сөзінде Әбіш Кекілбайұлымен соңғы кездесуі жайында айтып берді.

«Осыдан екі ай бұрын екеуміз кездескен едік. Ешкім бізге бөгет болған жоқ. Сол кезде екеуміз сырласып, шерімізді бір тарқатып қайтып едік. Қош Әбіш! Жаны жәннатта болсын!»,-деп тебіренді ғалым.