«Абонемент сатып алған қазақстандықтар балағат сөздер айта алады» – фейк

АСТАНА. ҚазАқпарат – Интернет желісінде қазақстандықтар қоғамдық орындарда балағат сөз айтуға абонемент сатып алып, бір сағат ішінде кез келген жерде дөрекі сөйлей алатыны туралы ақпарат тарады. Ал абонементсіз мұндай әрекет жасасаңыз айыппұл салынады-мыс. Бұл мәлімет – жалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Абонемент сатып алған қазақстандықтар балағат сөздер айта алады» – фейк

«Қоғамдық орында балағат сөз айтуды қалаған кез келген қазақстандық айыппұлды алдын ала төлеп, оңды-солды былапыт сөз айта алады. Бұл ретте айыппұл сомасы 50 пайызға азаяды», - деп жазылған «Шұғыл news» деп көрсетілген интернет-сайтта.

Одан әрі Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы ретінде таныстырылған журналист Нұрділдә Ораздың сөзі келтірілген. «Дегенмен, түсінуіңіз керек, төленген біржолғы айыппұл бір ғана жерде және бір сағаттан аспайтын уақыт ішінде балағат сөз айтуға құқық береді. Ішкі істер министрлігі бір айлық және жылдық абонемент енгізу мәселесін қарастырып жатыр», - деп берілген Н.Ораздың сөзі.

Журналист Нұрділдә Ораз Instagram-дағы жеке парақшасында бұл ақпараттың жалған екенін айтады.

«Жалған ақпарат! Менің атымнан жариялапты. Алдымен, ішкі істер саласынан кеткеніме жарты жылдан асты. Екіншіден, сайттың сілтемесі жоқ. Аты мен заты жоқ. Біреудің абыройына күйе жағумен айналысатындарды бәрібір табу қажет. Ішкі істер органдарына арызданудан басқа амал жоқ», - деп жазады ол.