«Әбіш – Құдайға, Жұмекен – пайғамбардан»: Кекілбайұлына арнаған қаламгерлер қолтаңбасы
АСТАНА. KAZINFORM - 2018 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы атындағы оқу залы ашылған болатын.

Ә.Кекілбайұлы кітапханасы – ең бай кітапханалардың бірі болып саналады. Бұл зал қорында жазушының кітапхана коллекциясынан іріктелген адамзат тарихына арналған мәдениет және өнер тарихы туралы басылымдар, планетаның ұлы тұлғалары туралы кітаптар, Қазақстанның ақындары мен жазушыларының кітаптары, альбомдар мен атластар, Қазақстанның географиясы мен тарихы және оның Шағын Отаны – Маңғыстаудағы алманахтар мен көптеген қызықты басылымдар бар.
«Әбіш әлемі» залынан біздің назарымызға «қаламгер қолтаңбасы» кітабы ілінді. Бұл жинақта Әбіш Кекілбайұлы жеке кітапханасының қорындағы әдебиет әлеміне танымал қаламгерлердің қолтаңбалары топтастырылған екен. Бүгін сіздердің назарларыңызға аты аңызға айналған қазақтың көрнекті жазушыларының Әбіш Кекілбайұлына арнап жазған қолтаңбаларын ұсынамыз.

«Ғұлама жазушы, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев – аға – теңіз тереңіндей құрметпен! Қасым-Жомарт Тоқаев. 24.11.07.»

«Әбіш! Мендей жазғанды сендей түсініп, Сендей жазғанда мендей қуанса ғой жұртың... Қадыр Мырза. 09.XII.73жыл.»

«Әбіш – Құдайға, Жұмекен – пайғамбардан. Жұмекен Нәжімеденов. 15/VIII.67.»

«Жаным Әбіш,
Жігіт болдың еңселі,
Жылыс құрар ордалы да кеңселі.
Өмір бақи жақсы көріп өтермін,
Жүрегімнің күші жетсе мен сені!
Неге? Не үшін? Оны жақсы білесің,
Бұл уақытта мол ғой салған үлесің.
Ақылымның айнасында жылтылдап,
Жүрер ұзақ Әбіш - деген бір есім!
Ағаң Ғафу. 18.11.90».

«Алланың нұры жауған, Жүрек шамы жарқырап жанған, тағдырымның Темірқазығы – қадірлі Әбекеме тәуелсіздік тайфуны туралы романымды ұсынамын! Дүкенбай. Астана, 17 желтоқсан 2005».

«Бүгінгі қазақ әдебиетінің кемеңгері Әбекеңе (Әбішке) «жазғаның кіл классика болсын, оқитының біздің кітап болсын» деген жалғыз тілекпен. Марал. 24.III.1980Ж.

«Әбеке! «... Сені айдаһар жұтуды ойлағанда, Бұл қазақты қызғыштай қорғадың-ау. Найзағайлар төбеңде ойнағанда, Жайтартқышың, дариға, болмадым-ау...» Автор семьясынан. 6. XII.1979». М.Сатыбалдиев.

«Әбіш!
Дей алдым ба бірдеме, демедім бе?!
Дей алмасам, боғымды жегенім де.
Өкпе назым, қайғы мен қуанышым,
Тұрса бәрі жарады өлеңімде...
М.Мақатаев. 23.III.68 ж.»

«Әбішке – Біздің қолдан келері – осы ғана. 20.01.1997» М. Мағауин.

«Қазақтың дара перзенті, өзім үлкен дарынын, азаматтығын ерекше қадірлейтін Әбекеңе өзгеше. 27.XII.96». М. Шаханов.

«Құрметті Әбіш, Клара! Өздеріңе деген ағаның ақ тілегінің белгісі болсын! Құдайдың бұйырған бақыты баянды, денсаулықтарың жақсы, тілеулерің әрқашан қабыл болуына тілектес көңілден. 15.09.2015». Серік Қирабаев.

«Әбішке!
Адам баласының басында болуы мүмкін жақсылықтың бәрін іштей тілеп, өзіңе «ұрсып» жүретін Фаризадан. 1979, ноябрь,23.» Фариза Оңғарсынова.

«Бар жиған-тергенім әуелі Аллаға, содан соң өзіңе аманат дейтін бірегейімнің бірі Әбішжан! Сен бұны сағынар күндердің белгісіндей сарғайып жаратылған екен деп те сақтағайсың. Ал, бүгіндері бұл қиналмай қызмет көрсетуіңе татыса әпенде ағаңда арман қайсы?! Зор құрметпен 14.03.1994» Хамит Ерғалиев.

«Әбіш бауырым! Дүниедегі ең асылың анаң ғой. Сол қасиетті анаңның амандығын тілеймін! 30.08.97». Шерхан Мұртаза.

«Қаршадай кезімізден ағалық жолынан жазбай, қара орман Қазақтың Сөзі мен Ойының жүгін қара нардай арқалап, арыстар мен алыптар жолын жағалап келе жатқан ұлттың ұлы перзенті – Әбекеңе (Әбіш Кекілбайұлына)! Інілік ізетпен Нұрлан Оразалин. 18.01.2014. Астана»

«Білмеймін – қайшылық па, келісім бе,
Әйтеуір, дара біткен көп ішінде.
Сақтай гөр осы адамды, уа, жаратқан,
Керек ол мен үшін де, ел үшін де.
О, сақта қара нардай сабырымды,
Маңдайға сиып тұрған дарынды ұлды.
Өзіңдей Маңқыстаудың маңғазымды,
Көзіндей бұрынғының қадірлімді,- деп тілейтін «жаман» ініңіздің кітабы бұл.
Есенғали Раушанов. 22.09.88ж»
Осы қол жазбалардағы ыстық ықыластың өзінен Әбіш Кекілбайұлының әріптестері арасында үлкенге іні, кішіге аға бола білген сыйымдылығын көруге болады. Қазақ жазушыларының бір-біріне деген жылы лебіздерін көре отырып, ұлылардың береке-бірлігі бүгінгі жастарға үлгі болса дейміз.