Абу-Даби декларациясы: Қылмысқа қарсы жаһандық жоспарға ЖИ енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемнің 119 елі Абу-Дабиде заманауи қылмыс түрлеріне қарсы күрестің жаһандық жоспарын қабылдады, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтар қызметі.
26 қыркүйекте мақұлданған Абу-Даби декларациясы қылмыстық мақсатта цифрлық технологияларды пайдаланудың күшеюіне ерекше назар аударады. Құжатта «қылмыс қызмет ретінде» және «зорлық-зомбылық қызмет ретінде» секілді жаңа үрдістер аталған.
Мемлекеттер сот төрелігі жүйесін цифрландыруды және қылмыстық сот төрелігі органдарының жұмысына жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте адам бақылауы, ашықтық, заң талаптарын сақтау және деректерді қорғау қамтамасыз етілуі тиіс.
БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мохаммед әділеттілік артықшылық емес, әр адамның құқығын қорғауы керек екенін атап өтті.
БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Моника Джума технологиялар қылмыстың өсуін жеделдетіп қана қоймай, оның сипатын да өзгертіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, қылмыстық топтар цифрлық валюталарды заңсыз табысты жасыруға, ал электронды құралдарды алаяқтық пен манипуляция жасауға пайдаланады.
Конгресс 1 қазанға дейін жалғасады. Оған 40-тан астам әділет министрі және 5,1 мыңнан астам мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, ғылыми орта мен бизнес өкілдері қатысып жатыр.
Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына қатысқан әлем елдері көшбасшылары болашақ пандемияларға дайындықты күшейту жөніндегі міндеттемелерін жаңартқанын жаздық.