«Әбу-Даби Плаза» кешеніндегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» көпсалалы кешеніндегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Нысандағы өрт қауіпсіздігіне жауап беретін «НикаСтройСервис» ЖШС инженер қызметкерлері тергеліп жатыр.

«Әбу-Даби Плаза» кешеніндегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.

«Қозғалған қылмыстық іс барысында 28.06.2010 жылғы № 295-IV ҚР Заңына сәйкес нысанда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «НикаСтройСервис» ЖШС инженер қызметкерлері, сонымен қатар құрылыс компаниясының қызметкерлері тергеліп жатыр», - делінген Р. Иманқұловтың хабарламасында.

Еске сала кетейік, «Әбу-Даби Плаза» кешеніндегі өрт сағат 10:44-те жойылды.

2016 жылы 13 ақпанда бүгін сағат 4:40-та кезекші бөлімге «Abu Dabi Plaza» кешеніндегі өрт туралы хабар түскен. Хабарлама түскеннен кейін 10 минут ішінде өрт сөндіру қызметі оқиға орнына жетті.

Сағат 8.25-те тілсіз жау ауыздықталды.

Подъезд жолдары болмағандықтан жалынмен арпалысу қиын соқты. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт газ баллондардың жарылуынан шыққан. Жалынның шығу себептері анықталып жатыр.

Салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» кешеніндегі өрттің тарауын және ғимараттағы жағдайды жоғарыдан байқап, оған баға беру үшін Еврокоптер 145 ҚР СІМ ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды.

Жапа шеккендер жоқ.

Өрт сөндірушілер 150 жұмысшыны қауіпсіз жерге шығарды.

Жалынмен күреске биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған биіктігі 88 метр «BRONTO SKYLIFT» техникасы тартылды.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 78 өрт сөндіруші мен 27 өрт сөндіру техникасы және Астана қалалық ІІД 12 техникасы мен 24 адамы жұмылдырылды.

Өрт сөндірушілер келгенше 11 қабаттан 25 қабатқа дейін өртеніп жатты.

Оқиға орнына ІІМ басшысы генерал-полковнигі Қ.Қасымов және министрдің орынбасары В. Божко келді.