Абу-Дабиде мейрамханалар тағам мен сусынның калориясын көрсетуге міндеттеледі

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылдың 1 маусымынан бастап Абу-Дабидегі мейрамханалар, дәмханалар және басқа да қоғамдық тамақтану орындары ас мәзірінде тағамдар мен сусындардың калориясын көрсетуге міндетті болады. Жаңа талаптар баспа және электронды түрдегі ас мәзірлеріне қолданылады, деп хабарлайды WAM.

мейрамхана
Фото: Kazinform

Бұл бастаманы Healthy Living қозғалысы мен Абу-Даби тіркеу басқармасы (ADRA) жариялады. Ол тұтынушылардың өнімдердің тағамдық құндылығы туралы хабарын арттыруға және тағам таңдауға көмектесуге бағытталған.

Әрбір тағам мен сусынның калориясын килокалориямен (ккал) көрсету қажет болады. Сондай-ақ ас мәзірінде ересектер мен балаларға арналған орташа тәуліктік калория тұтыну мөлшері туралы анықтамалық ақпарат пайда болуы тиіс. Ақуыздар, майлар және көмірсулар мөлшерін қоса алғанда, тағамдық құндылық туралы толығырақ мәліметтерді мекемелер келушілердің сұрауы бойынша ұсынатын болады.

Ережелер мейрамханаларға, дәмханаларға, фудтрактарға және ойын-сауық орындарына қатысты болады. Ақпарат тек әдеттегі ас мәзірлерінде ғана емес, сонымен қатар сайттарда, қосымшаларда, өзіне-өзі қызмет көрсету дүңгіршектерінің экрандарында және автокөлік жүргізушілеріне арналған ас мәзірлерінде де орналастырылуы тиіс. Алты айдан аз уақыт жұмыс істейтін уақытша тамақтану орындары, мысалы, фестивальдер мен іс-шаралардағы орындар бұл талаптардан босатылады.

Калорияны есептеу үшін билік бес стандартталған құралды бекітті. Солардың бірі — Абу-Даби қоғамдық денсаулық сақтау орталығы әзірлеген тегін SEHHI калькуляторы.

Кәсіпорындарға ас мәзірін жаңарту және тағамдардың тағамдық құндылығын бағалау үшін алты айлық өтпелі кезең беріледі.

БАӘ-нің бес мыңнан астам тұрғыны қатысқан зерттеу деректері бойынша, респонденттердің 94%-ы ас мәзірінде калория туралы ақпараттың пайда болуын қолдаған. Зерттеу сондай-ақ мұндай таңбалау келушілерге тапсырыс берілген тағамдардың энергетикалық құндылығын жақсырақ бағалауға және неғұрлым қолайлы нұсқаларды таңдауға көмектесетінін көрсетті.

Бастама неғұрлым салауатты тамақтану ортасын қалыптастыруға бағытталған Healthy Living бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Ол сондай-ақ супермаркеттерде пайдалы өнімдерді ілгерілету, рецептураларды өзгерту және мектептердегі тамақтану сапасын жақсарту шараларын қамтиды.

Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарының саны 20 мыңға жуықтағанын жазған едік.