Абу-Дабиде Украина бойынша консультациялардың екінші кезеңі басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында Украина, АҚШ және Ресейдің қатысуымен Ресей-Украина қақтығысын реттеу бойынша келіссөздің келесі кезеңі басталды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Абу-Дабиде Украина бойынша консультациялардың екінші кезеңі басталды
Фото: WAM

Украина делегациясының басшысы Рүстем Умеров консультациялардың басталғанын хабарлады.

Оның айтуынша, келіссөз процесі үшжақты форматта басталды, содан кейін тараптар нақты салалар бойынша бөлек топтарда жұмыс істеуге көшеді. 

— Келіссөз процесі үшжақты форматта басталды — Украина, Құрама Штаттар және Ресей. Содан кейін нақты тректер бойынша бөлек топтарда ұстанымдарды бірлесіп үйлестіру жоспарланған, — деп атап өтті Рүстем Умеров.

Ол Украина делегациясы Украина президенті Владимир Зеленский белгілеген айқын нұсқауларға сәйкес әрекет етіп жатқанын және тұрақты және әділ бейбітшілікке қол жеткізуді көздеп отырғанын атап өтті.

— Біз Мемлекет басшысын келіссөздің әрбір кезеңінің барысы туралы хабардар етіп отырмыз, — деп қосып өтті Украина делегациясының басшысы.

Қаңтар айында Абу-Дабиде Украина бойынша екі күндік консультациялар аяқталды. 

Тараптар арасындағы негізгі келіспеушіліктер аумақтық мәселелер және ықтимал келісім шарттары болып қалып отыр. Мәскеу келісімге қол жеткізудің бір шарты ретінде Украина күштерінің Донецк облысының шығыс аудандарынан шығарылуын талап етті. Киев әскердің біржақты шығарылуына жол берілмейтінін мәлімдеп, қақтығыс сызығын қазіргі позициясында бекітілуін жақтайды.

Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін аумақтық мәселе келіссөз күн тәртібінің орталық элементі болып қала беретінін, екі тараптың да қақтығысты тоқтатуға деген міндеттемелерін өзара орындау қажеттілігін атап өткен. Украина президенті АҚШ және Ресеймен үшжақты кездесулердің жаңа кезеңі алдында келіссөз тобымен кездесу өткізіп, Украинаның нақты қадамға дайын екенін мәлімдеді

Президент Трамп әкімшілігі соңғы бір жыл ішінде Мәскеу мен Киевтің ұстанымдарын үйлестіруге бағытталған дипломатиялық күш-жігер жұмсады. Америка өкілдерінің қатысуымен консультациялардың бірнеше раундына қарамастан тараптар негізгі мәселелер бойынша әлі де айтарлықтай келіспеушіліктерді сақтап келеді.

Айта кетейік, Украина, Ресей және АҚШ арасындағы екі күндік келіссөздер қаңтар айының соңында Абу-Дабиде аяқталды. Тараптар 1 ақпанда кездесуге келісті

Алайда, белгілі болғандай, келіссөздердің келесі кезеңі 4 және 5 ақпанға ауыстырылды

Соңғы жаңалықтар