АБҰҒО-да туа біткен патологиялары бар нәрестелерге неонатальдық операциялар жасау үшін тиімді жағдайлар жасалған

Ұлттық медициналық холдингтің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, АБҰҒО-да туа біткен патологиялары бар шақалақтарға операциялар жасайтын мамандар шет елдердің озық емханаларында білім алып келген. Ота жасау бөлімшелері алдыңғы қатарды эндобейнехирургиялық аппараттармен жабдықталған. Медицинаның бұл саласының әлемдік дамуынан қалыс қалмас үшін Ресей, Австралия және Германия елдерінің танымал хирургтары шеберлік-сабақтарын өткізіп тұрады.
Туа біткен сырқаттардан көз жұматын сәбилердің өлім-жітімін азайту мақсатында ҚР денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының базасында неонаталды хирургия жөніндегі үйлестіру орталығын құрды. Орталықты құрудағы мақсат Қазақстан аумағында жаңа туған нәрестелерге халықаралық стандарттарға сәйкес медициналық көмек көрсету болып табылады.
Орталықтың хирургтары клиникалық тәжірибеге инвазивтігі аз келесідей әдістерді енгізді: дамуда кінәраттары бар немесе кеуде қуысы ағзаларының (диафрагмалық жарықтар, ірің кернеген ісіктер, кеуде қуысының ісіктері), құрсақ қуысы ағзаларының (бауырдың ірің кернеген ісіктері, өт айдау жүйелері, холецистит, спленэктомия, нефроэктомия, герниорафия, варикоцель, крипторхизм) сырқаттарында қолданылатын лапароскопиялық араласу. Осы әдістерді қолданудың арқасында аталмыш патологиялары бар балалардың емін әлдеқайда жақсартуға, отадан кейінгі асқынуларды азайтуға, науқастарды ауруханада ұстау мерзімін азайтуға мүмкін болды. Орталықта алғаш рет Гирпшпрунг сырқатына лапароскопиялық түзеу жүргізілді, Гирпшпрунг сырқатын трансаналдық түзеу өткізіледі.
Айта кетейік, балалар денсаулығын қорғауды дамытудың басымды бағыттарының бірі жаңа туған нәрестелердің хирургиясы - неонаталды хирургияны дамыту болып табылады. Дүние есігін ашып үлгермеген сәбилердің өлімі мен жастайынан мүгедекке шалдығу оқиғаларының 40-50 пайызы тұқымқуалаушылық факторларға тікелей байланысты. Ал стационарлардағы орындардың 30 пайызын туа біткен кемістіктері бар балалар алып отыр. Қазақстан Республикасының 2010 жылғы статистикасына сүейенсек, бір жасқа толмаған балалардың дүниеден озу себептерінің ішінде туа біткен патологиялар 24,7 пайызды құрады.