Абылай хан, үш би, Томирис: Павлодар облысында театрландырылған қойылым ұсынылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Павлодар облысындағы Май ауданында театрландырылған қойылым ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Мерекеге жиналған көрермендерді керемет қойылым күтіп тұрды. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі, үш жүздің басын біріктірген - Абылай хан, қазақтың қоғам қайраткері, атағы жер жарған шешен, Ұлы жүздің басты биі, «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі Төле би, қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ халқының ұлы биі қаз дауысты Қазыбек, кемеңгер, данышпан, айыр тілді алшын Әйтеке би атқа мініп, жүріп өтті. Сондай-ақ айналасына шуақ шашқан, бар қазақтың анасы Домалақ ана мен кішкентай бала ат арбаның үстінде отырса, күй атасы Құрманғазы мен ел бірлігін нығайтқан ғұлама ойшыл, күйші, жырау, асқан сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерінің атасы Қорқыт ата жандарында жаяу шықты.


Массагет халқының байырғы заманда ел билеген атақты ханшайымы Томирис пен қазақ халқының қаһарманы Алпамыс батыр, тұрмыс-салт ертегілеріндегі басты кейіпкер Тазша бала жаяу, қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкері, ақылды айлакері Алдар Көсе де көпшілікке көрінді.
Ұлттық спорт ойындары бойынша республикалық жарыстарда Павлодар облысының намысын қорғап жүрген көкпаршы азаматтар Тәуелсіздік алаңының ортасымен шауып өтті.


Айтулы мерекемен аудан тұрғындарын облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов құттықтап, әрбір отбасына бақ-береке, молшылық пен амандық тіледі.
- Наурыз мерекесі - бірлік пен тазалықтың, татулықтың символына айналғанына белгілі, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Екі жылдан астам пандемияға байланысты халқымыз Наурыз мейрамын тойлай алмай жүрді. Барлығымыз осы көктемгі мерекені сағынып қалдық. Сол себепті барлығыңызбен бірге осы бір мейрамды қарсы алғаныма шын жүректен қуаныштымын. Қазірге заман құбылмалы. Әлемде небір жағдайлар орын алуда, соған қарамастан елімізде, мемлекетімізде қаншама 100-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мұның барлығы - ынтымақ пен бірліктің жемісі. Май ауданының жетістіктері еліміздің, Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық өсуіне елеулі үлес қосуда».
Облыс әкімі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы дамып келе жатқанын, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы, оның ішінде шағын және орта бизнестің мемлекеттік қолдаудың арқасында бірқатар маңызды жобалар іске асырып жатқанын ерекше атап өтті.
- Әрине, бұл әртүрлі салада істеп жатқан өзіміздің жерлестеріміз, Май ауданының тұрғындары күнделікті өз еңбектерімен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда өз Жолдауында саяси реформаларды бастап берді. Осы саяси реформалардың арқасында үлкен-үлкен өзгерістерді күтудеміз, - деді аймақ басшысы.
Май ауданы Саты ауылының кітапханашысы Ләйла Бөстекбаева қол диірменімен көпшілікке бидай тартып көрсетті. Ол бұл 50 жылдық тарихы бар диірменнің атасынан қалғанын айтады.
- Ертеде ата-бабаларымыз диірменмен бидайды тартып, талай қиындықтан шыққан. Бұл құралдың адамзат үшін маңызы зор. Сондықтан жастарға өткен тарихтан сыр шертетін құрал – диірменмен бидай тарту процесін көрсетуді жөн көрдім. Бұл өзімнің үйдегі қолданып жүрген атамыздан қалған диірмен, - дейді ауыл тұрғыны.
Шара мерекелік концертпен жалғасын тапты. Қыдыр ата бата берді. «Бауырсақ пати» барысында қонақтарға бауырсақ таратылды. Май ауданы дарынды да талантты балаларынан құрылған Байғабыл Жылқыбаев атындағы балалар өнер мектебінің «Қазақ-ұлт» аспаптары өрскестрі Құрманғазының «Саранжап» күйін орындады.
