«Абылай ханның арманы» қойылымның жастар үшін тәрбиелік мәні зор - Г.Әбдіқалықова (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында болып, «Абылай ханның арманы» атты тарихи драманың тұсаукесеріне қатысты.

«Абылай ханның арманы» қойылымның жастар үшін тәрбиелік мәні зор - Г.Әбдіқалықова (ФОТО)

Қойылым басталар алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мемлекеттік хатшы өз сөзінде ағымдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының, Конституциямыздың 20 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, сонымен қатар Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтілетіндігін еске салып өтті.

«Қазақ хандығының 550 жылдығы бойынша жыл бойы мәдени және ғылыми бағыттағы әртүрлі іс-шаралар болады. Ол іс-шаралар елордамыз Астанада, жергілікті жерлерде, аймақтарда да ұйымдастырылады. Сондай шаралардың бірі - бүгінгі Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы «Абылай ханның арманы» атты қойылым. Бұл қойылымның жастар үшін тәрбиелік маңызы өте зор. Абылай хан біздің тарихымыздағы ұлы тұлға. Елбасымыз айтқандай, Абылай хан тек найзаның ұшымен ғана емес, дипломат ретінде де көрегендігімен елді қорғап, Қазақ тарихында ұлы тұлғаға айналған адам», - деді ол.

Айта кетерлігі, қойылымды Мемлекеттік хатшымен бірге Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Сенат және Мәжіліс депутаттары, елорданың зиялы қауым өкілдері тамашалады.

«Абылай ханның арманы» қойылымы көрермендерге жаңа нұсқада ұсынылып отыр. Онда өткен мен бүгінгі күннің арасындағы үздіксіз рухани байланыс бар. Қойылымның авторы - белгілі жазушы, драматург Думан Рамазан. Қоюшы-режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.