Абзал Әжіғалиев: Харбинде басты қарсыласымыз – әлем және Олимпиада чемпиондары
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда өтетін қысқы Азия ойындарында шорт-тректен бәсеке шиеленісті болады. Бұл туралы спортшы Абзал Әжіғалиев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Қазақстандық шорт-трекшінің айтуынша, құраманың дайындық деңгейі ойдағыдай.
– Ертең қысқы Азия ойындарына қатысу үшін Қытайдың Харбин қаласына аттанғалы отырмыз. Биылғы маусымдағы жаттығуды голландиялық бапкермен бастадық. Ол – бұған дейін Голландия және АҚШ құрама командаларын жаттықтырған тәжірибелі бапкер. Барлық тәжірибесін бізбен бөлісіп жатыр. Қазірге дейін төрт әлем кубогы. Ал алдымыздағы Азия ойындары – ең басты мақсаттарымыздың бірі, - деді спортшы.
Оның айтуынша, Харбинде әлем чемпионаты және Олимпиада ойындарының чемпиондары басты қарсылас болмақ.
– Менің ойымша, қысқы Азия ойындарында шорт-тректен бәсекелестік жоғары болмақ. Себебі әлем және Олимпиада чемпиондары негізінен Азия елдерінде жиналған. Басты қарсыластарымыз – Корея, Қытай және Жапония елдерінің спортшылары,- деді Әжіғалиев.
Сондай-ақ, қазақстандық спортшы Харбинде жетістікке жетуге бар күшін салатынын айтты.
– Қарсыластарымыздың мықты болғанына қарамастан, құраманың жетістікке жетуге тәжірибесі өте көп деп ойлаймын, - деп атап өтті спортшы.
Еске салсақ, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстаннан 137 спортшы ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, Елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде IX қысқы Азия ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.
Осыған дейін қысқы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі жарияланған болатын.