Абзал Әжіғалиев әлем рейтингінде көш бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ спорты тарихында тұңғыш рет шорт-трек спортынан 500 метр қашықтықта қазақ ұланы Абзал Әжіғалиев әлемдік рейтингтің көшін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыдан біраз күн бұрын Американың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-трек спортынан әлем кубогының екінші кезеңі мәресіне жетті. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 500 метр қашықтықта бас жүлдені жеңіп алған жерлесіміз екінші кезеңде де финалға дейін сүрінбей жеткен болатын. Осы екі кезеңнің қорытындысы бойынша ол әлем рейтингінде көш бастады.
Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев Батыс Қазақстанның Сырым ауданында дүниеге келген. Оралда жабық мұз айдыны сарайы ашылғаннан кейін шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков дайындаған талантты спортшылардың бірі. А.Әжіғалиев Сочи Олимпиадасында негізін батысқазақстандықтар құраған ҚР құрамасы сапында 5 мың метрлік эстафеталық сында бесінші орынды иеленді. Енді ол - Алматы қаласында алдағы жылы өтетін қысқы Универсиадаға қатысуға басты үміткерлердің бірі.
Турнирлік кесте:
Rank Name ISU Member CAN CAN USA CHN CHN KOR GER BLR Total 1 AZHGALIYEV Abzal KAZ 5120 2097 10000 17217 2 GIRARD Samuel CAN 10000 5120 15120 3 LIU Shaolin Sandor HUN 10000 4096 14096