ӘЧ-2014: Бразилия Неймарсыз қалды, бар үмiт қорғаныста
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем чемпионатында жартылай финалға шыққан Бразилия енді Неймарсыз ойнайтын болды.
Колумбиямен болған матчта Неймар омыртқасын жарақаттап алды. Мундиальдағы қалған ойындарын бразилиялықтар шабуылшысыз өткiзедi. Құраманың бас дәрiгерi Родриго Ласмардың айтуынша, команданың көшбасшысы үшiн бұл бiрiншiлiк аяқталды. Колумбиялық футболшы Хуан Суньигамен болған қақтығыста Неймардың бел омыртқасына зақым келген. Дәрiгердiң сөзiне қарағанда, жарақат қатты болмаса да, футболшыға белгiлi бiр уақыт қозғалыссыз жату керек.
"Жарақат соншалықты ауыр деп айта алмаймын, менiң ойымша, ота жасау керек емес", - дейдi Р. Ласмар. - Өкiнiшке орай, әлем чемпионаты ол үшiн аяқталды", - деп атап өттi ол.
Жартылай финалдық кезеңде пентакампеондар азулы Германия құрамасымен кездесетiнiн айта кетейiк.