ӘЧ-2014: Бразилияда тағы бір аргентиналық спорт тілшісі қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилияда футболдан әлем чемпионатынан хабар таратып жүрген аргентиналық журналист Хорхе Лопес қаза тапты. Ол әйгілі Ole спорт басылымы мен радиода қызмет еткен.

ӘЧ-2014: Бразилияда тағы бір аргентиналық спорт тілшісі қаза тапты

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қайғылы оқиға Аргентина мен Нидерланды құрамалары кездесетін Сан-Паулу қаласында орын алған. 38 жастағы аргентикалық тілші қонақүйге таксимен қайтып келе жатқанда, ол мінген көлік көше қиылысында полицейлердің қуғынына ұшыраған автокөлікке соғылған. Журналист апат орнында бірден көз жұмған. Ал такси жүргізушісі жарақаттанған. Соғылған көліктегі үш адам жеңіл жарақатпен құтылған. Айта кетейік, Хорхе Лопес Бразилиядағы футболдан әлем чемпионаты кезінде қаза тапқан екінші аргентиналық журналист болып отыр. Өткен аптада 26 жастағы аргентиналық Мария Соледад Фернандес те Аргентина құрамасының Швейцариямен матчынан соң Сан-Паулудан Белу-Оризонтиге қайтып келе жатқанда жол-көлік оқиғасында ажал құшқан еді, деп жазады ИТАР-ТАСС.